Жүйелі жұмыс, оң нәтиже

Қалалық ішкі істер бөлімінің қызметін қадағалайтын қоғамдық кеңес 2008 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Оған Сәтбаев қалалық ІІБ басшысы Жандос Қарабеков төрағалық жасайды. Құрылғанына төртінші жылға аяқ басқан кеңестің 2012 жылғы жұмысын жүзеге асыру, оның құрамына кіретін мүшелерді нақтылау мақсатында ІІБ-нде Қарағанды облысы ІІД штаб басқармасының аға инспекторы Игорь Бортюктің  қатысуымен жиын өтті.

– Қазіргі таңда мұндай кеңес республика көлемінде жұмыс атқарып жатқанын жақсы білесіздер. Ішкі істер бөлімінің жұмысын қадағалауға, бөлім ардагерлерімен кеңесіп, бағыт-бағдар алуға негізделген кеңестің жұмысында біраз ілгерілеушілік бар. Жергілікті атқарушы билік орындарынан үнемі қолдау тауып, бұқараға құқықтық сауаттылықты насихаттауда БАҚ өкілдері орасан зор еңбек етсе, қызметте кетіп жатқан кем-кетікті алдыңғы аға буынмен бірлесе отырып шешіп келеміз. Сондықтан да кеңестің биылғы құрамына қалалық әкімдік, мәслихат қызметкерлерін, БАҚ өкілдерін, ардагерлерді, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалынан да мүше енгізу қажет, — деді И. Бортюк.

Отырыс барысында ІІБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтболат Құсайынов жол полициясы қызметкерлерінің жұмысына көңілінің толмайтындығын айта келе, алдағы отырыстарда бұл мәселені қарау керектігін жеткізді.

ІІБ бастығының кадрлық сұрақтар жөніндегі орынбасары Жандос Мыңбаев ардагердің айтқан мәселесі шешілетіндігін баяндады. И.Бортюк жиынды қорытындылай келе, бөлім қызметкерлеріне жұмыс жүйелі жүрсе, оң нәтижеге жету өз қолдарында екенін айтты.

Осы тұста айта кету керек, бұл қоғамдық кеңеске қала халқы ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің жұмысына қанағаттанбаған жағдайда шағымдануға болады. Сондай-ақ, топ мүшелері құқық саласында туындаған сауалдарға жауап береді.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.