Үш тілділіктен неге қорқамыз

Үш тілде білім беру бастамасы 2007 жылы көтеріліп, еліміздің бірнеше қалаларындағы мектептерде сынақ ретінде жүргізілді. Бүгінгі таңда 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, кезең-кезеңімен білім берудің барлық деңгейлерінде біртіндеп осы жүйеге көшу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бұл мәселе «100 қадам» Ұлт жоспарының 79-шы қадамында нақты көрсетілген.

Осы үш тілде білім беру бағдарламасын халық әр түрлі қабылдап, бірнеше пікірлер айтылып жүр. Осыған орай, тіл маманы ретінде өз ойымды, көзқарасымды айтып өткім келеді.
Шынтуайтына келсек, үш тіл білу – бүгінгі заман талабы. Бағдарламаға енбеген күннің өзінде мектеп бітірген оқушының өмірлік жолында тіл білу қажеттілік туғызатыны анық. Қазақстан мемлекетінің жастары білімсіз емес және басқа мемлекеттердің жастарымен бәсекеге түсе алатындай ұшқыр ойлы, алғыр мінезді. Үш тілдік бағдарламасынсыз да шет елде білім алып, жұмыс жасап жүрген жастарымыз қаншама. Сондықтан, бұл бағдарламаны мемлекетіміздің әрбір тұрғыны қолдауы керек деп ойлаймын.
Бағдарлама біздің балаларымызға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. Бүгінгі таңда әр қазақтың баласы үйретпесе де орыс тілінде сайрап тұр, дәл солай ағылшын тілін де игеріп алары сөзсіз. Мәселе біз қазақ тілін жоғары деңгейде оқытып, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салт дәстүрімізді оқушы бойына сіңіре білуімізде. Көпшіліктің бағдарламаға қарсылығы осы мәселе төңірегінде болып жатыр. «Үш тілді оқытсақ, қазақ тілі кейін қалып қояды, ұлттық құндылық жоғалады», деген қорқыныш бар. Қазақ тілінің дәрежесі мен беделін биіктете отырып, өзге тілді үйретсек, біз керісінше, білімді, дарынды, көзі ашық көкірегі ояу, өз тілі мен туған елін, жерін сүйетін, құрметтейтін болашақ ұрпақты тәрбиелеп шығарар едік.
«Өшетін халық тарихын жаспен жазады, өсетін халық тарихын тасқа жазады». Қазақ халқының басынан небір тарихи кезеңдер өтті емес пе… Сондай ел болашағы сынға түскен замандарда халықты алға жетелеген білімді де, көреген көсем де, ел басқарған билер мен, қол бастаған батырлар қазақ даласынан шықты емес пе. Сонау тас дәуірінен, сақ тайпасынан басталған тарих таңбасын тастан оқып жатқан жоқпыз ба. Бабаларымыз бізге мұра ретінде тек қана таңбалы тастар ғана емес, қанымыз бен жанымызға дарыған ұлттық болмыс пен қазақи мінезді де мұра етіп қалдырған. Сондықтан, «үш тілге баламыздың миы ашиды» деген сөзге біз намыстануымыз керек. Тіпті хандық дәуірді алмағанда, алаш ордасының кемеңгер білімді азаматтарының іс-әрекеті, ойлау қабілеті патша үкіметіне үрей ұялатқаны белгілі. Әлихан Бөкейхан бабамыз сол тар заманның өзінде тоғыз тілді меңгеріп, бірнеше тілден аударып, қазақ жастары үшін оқулықтар дайындаған. Қазақ жеріндегі білім де, жазу, сызу да, мәдениет пен өнер де қазақтың өн бойынан өріліп шыққан. Талап пен талантты өсіру арқылы осы заманға жетіп отырмыз. Келешек жастардікі, олардың болашағы жарқын болуы үшін, олар көршілес елдердің ішкі, сыртқы болмысын білуі керек. Оны саралап, жақсысын үйреніп, жаманынан жиренетін дәрежеде білімді, тәжірибелі болуы керек. Ал, оған күш салатын, сол үшін еңбек ететін сіз бен біз.

Айнаш БЕГІМ.

Комментарии закрыты.