Атқарар жұмыс ауқымды

Қала басшылығының тізгінін қолға алған Батырлан Дүйсенбайұлы Ахметов сейсенбі күні бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Онымен қала әкімінің орынбасары Қайрат Шайжанов, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Оразбаев еріп жүрді.  Қала әкімі бастаған топтың бірінші болып тоқтағаны – №1 Жылу беру станциясы болды. Қала халқын жылумен қамтамасыз етіп отырған бұл станцияның жұмысымен бас инженер Николай Мазур таныстырды.

– Мұнда 4 жылу қазандығы орналасқан. Қазіргі уақытта 2, 3-ші қазандықтар жұмыс істеп тұрса, 1, 4 қазандықтар резервте тұр. Станцияның аумағында өндіріс базасы, шеберханалар, қоймалар орналасқан. Көмір мен мазут қорында ешқандай қиындық жоқ. Кешегі қақаған аяздарда жұмысымызда ешқандай ақау болған жоқ, – деді бас инженер.

Батырлан Дүйсенбайұлы станцияның жазғы уақытта қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін сұрағанда, бас инженер бұл станцияның ондай мүмкіндігі жоқ екендігін айтты. Зиянды қалдықтарды тұтып қалатын арнайы қондырғылар орнатылған. Станцияда қазіргі уақытта 500-ден аса жұмыскер еңбек етеді. – Жылда станцияның жылу қазандықтары күрделі және ағымдық жөндеулерден өтіп тұрады. Осы уақытқа дейін станциясының жұмысына көңіл толмаушылық болған емес деді, – қала әкімінің орынбасары Қ.Шайжанов.

Б.Ахметов станция жұмысына табыс тілеп, атқарып отырған жұмыстарды босаңсытпауды тапсырды.

Одан кейін, қала басшысы Б.Ахметов бүгінгі күні халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп келе жатқан жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына қарасты №3 су сақтау қоймасында болды. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының бастығы Еркін Жұмабеков баяндады. Бұл қоймада 8 сорғы бар. Оның қазіргі күні үшеуі суды қабылдап, екеуі хлорлайды. Бұл сорғылар 1 сағатта 2500 куб, ал 1 күнде 44200 куб суды қабылдап, тұтынушыларға жібереді. «Есқұла» су қоймасынан келетін суды қала халқына жеткізуде және сапасын арттыра түсу мақсатында өткен жылдан бері «Ауыз су» бағдарламасының аясында да қыруар жұмыстар атқарылуда.

Нысан жұмысымен толық танысқан соң, Батырлан Дүйсенбайұлы қала халқы үшін маңызды жұмыс жасап отырған мекеменің жұмысына оң бағасын берді.

Әкім бастаған топ одан кейін әкімдікке шағым айтқан Комаров көшесі,13 а үйдің жағдайын білді. 1998 жылы «Казмедьстрой» мекемесінің жатақханасы тұрғын үйге айналдырылып «Көмек» пәтер иелері кооперативіне берілген. Тұрғындардың шағымы бойынша есік алдындағы тоқ таратушы подстанциядан үйге дейінгі аралықта бір фаза жоқ. Соның әсерінен шам жиі сөнеді екен. ПИКтің төрағасы Қуандық Өтеновтің айтуынша, 45 пәтерлік үйдің бұл мәселесін шешуге 20 тұрғын 4 мың теңгеден жинап берген. Алайда, қалған тұрғындар салғырттық танытқан соң ақшаларын қайтып алған. ПИК өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың қарызы 526 мың теңгені құрап отырған көрінеді. Уақытында төленбеген төлемақының соңы осындай дауға ұласатынын әлі халық түсіне қоймаған сыңайлы. Сондықтан, қала басшысы Батырлан Ахметов халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін баса айтып, жауапты мекеме басшылары мен өкілдеріне тез арада мәселенің шешімін табуды тапсырды.

Жаңа басшының қаламен танысуы барысында көңіл толарлық жұмыстар да, көңілге кірбің түсірерлік кем-кетіктердің де орын алып жатқанын көрдік.

Бұл алдағы уақытта бірлесе отырып атқарар жұмыстар ауқымды екенін білдірді.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.