Жастар форумы жалындап өтті

Жастар мәселесі, жастардың болашағы мен қоғамдағы орны елімізде қашан да маңызды мәселелер қатарынан түскен емес. Сондықтан да түрлі орталықтар мен ұйымдар құрылып, жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру, оларға қолдау көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан жаңаша қарқын алған қалалық Жастар ресурстық орталығы осының бір айғағы.

Өткен аптада орталықтың жыл сайын өткізетін дәстүрлі «Otanshyl-2019» жастар форумы жалғасын тауып, сәтбаевтық жастардың бойында жалын ойнатты. Туристік білім беру мақсатын түйген бұл ауқымды шарада алуан түрлі тренинг, жарыстар ұйымдастырылды. Биылғы форумның бір ерекшелігі қатысушыларда болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылдарда өзге қалалардың жастары шақырылса, биыл тек Сәтбаев қаласының жастары, оның ішінде шаһардағы кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері қамтылды. Мұның да өз себебі бар. Жастар ресурстық орталығының директоры жергілікті азаматтардың бір-бірін танып-білуіне жағдай жасауымыз керек дейді.

– Иә, сырт қалалардың өкілдерімен де байланыста болған дұрыс. Алайда, қала жастарының ең әуелі бір-бірін тануына жағдай жасау керекпіз. Бұл кімнің қандай салада еңбектеніп жатқанын, жасөспірімдерге бағыт-бағдар беру үшін қажет. Өз қаламызда да талапты да талантты, өнерлі һәм белсенді жастар жетерлік. Соларды көтеріп, қоғамға қарай тарту – біздің әуелгі мақсатымыз. Форумға 100-ге тарта жас қатысуға ұсыныс білдірді, – дейді Гүлдана РЫСМАҒАНБЕТОВА.

Форум Жезқазған қаласының маңайындағы демалыс үйлерінің бірінде өткізілді. Форум аясында «Стратегиялық жоспарлау» және «Тайм менеджмент» тақырыбында тренингтер, спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Шара соңында би кеші өткізіліп, барлық қатысушыға сертификаттар тапсырылды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.