Өскенде біз де жұмыс істейміз

Мен, Дильназ Азаматқызы, осы жазда қаламыздағы «Достық үйіндегі» жазғы лагерге бардым. Лагерь «Достық мекені» деп аталады. Жазғы демалысым өте қызықты өтті. Ата-анама үлкен рахмет айтамын, мені осы лагерге жібергені үшін. Сол жерде бізге өз отбасыларың туралы газетке жазуға болады деп айтты. Балалар жазып жатқанда, мен де жазғым келді.

Менің отбасымда әкем Теміржан Омаров, анам Ақмарал Есенгелдіқызы, екі інім – Дамир мен Даниал – бесеуіміз тұрамыз. Мен үйдің үлкенімін, № 1 мектеп-гимназиясында бірінші сыныпта оқимын. Мектепке барғанды, сабақ оқығанды жақсы көремін. Анама көмектесіп, інілеріме қараймын. Әкеме де керек кезде көмектесемін, жұмсағанда тілін аламын.

Менің әкем ТОО «Tranko express» деген компанияда жұмыс істейді. Маған папам жұмыста көп болып, үйде аз болатын сияқты. Әкеміз келе жатқанда біз дастархан жайып, тамағын дайындап күтіп отырамыз. Сосын бәріміз әңгімелесіп отырып ас ішеміз. Біз әкемізге күні бойы қандай қызықтар болғанын айтып береміз. Ол жұмыстан шаршамай келгенде бізбен көбірек әңгімелеседі, ойнайды. Ал, шаршап келсе, ұйықтап қалады.

Анамыздың да жұмысы көп болады. Ол қаламыздағы әкімшілікте жұмыс жасайды. Бар шаруаны жылдам-жылдам істейді. Өйткені, жұмысқа үлгеру керек. Демалыс күндері бізге тәтті тағамдар дайындап береді, бірге алаңға шығып қыдырамыз. Әрине, бірге демалған, ата-анаңның қасында көбірек болған бізге ұнайды, бірақ, олар жұмысқа бару керек. Әйтпесе, жұмыс жүрмей қалады, сосын, халыққа қиын болады. Өскенде біз де солай жұмыс істейтін боламыз. Халыққа қызмет жасаймыз.

Мен өз отбасымды қатты жақсы көремін. Ата-анам ұзақ өмір сүрсін деп тілеймін. Ата-анасы бар балалар шынымен де бақытты ғой.

Дильназ АЗАМАТҚЫЗЫ.

P.S. Құрметті Сәтбаев қаласының тұрғындары, жастар, студенттер, оқушылар! Өз отбасыңыз туралы, ата-анаңыз туралы өз ойыңызбен бөліскіңіз келсе, бақытты отбасы жайлы әңгіме жазғыңыз келсе біз сіздердің хаттарыңызды күтеміз. Хатты біздің электронды поштаға dom.d2017@mail.ru жіберуге, немесе, Құсайынов көшесі 8, Достық үйіне әкеліп берулеріңізге болады

Комментарии закрыты.