КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Жуырда қаламыздың Жастар ресурстық орталығында «Жалынды жастар» атты коворкинг орталығы ашылды.

Коворкинг орталығы – жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметі. Мұнда әлеуметтік жобалар аясында жастар үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, ол бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламаларына сай креативті жобалардың орындалып, келушілердің қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, тағы басқалардың жүзеге асуына тиімді орталық болып табылады. Бұл орталық мысты шаһарымыздың Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының «Жастар бейбіт дамуды қолдайды» жобасымен ашылып отыр.

Аталмыш орталықтың ашылу салтанатына қала әкімі Асқар Ыдырысов пен арнайы «Күншығыс елінен» келген Мивако Хирота ханым қатысты.

Орталықтың лентасын қала басшысы мен қонағымыз кесіп, жастарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Орайы келгенде айта кетейік, «Жалынды жастар» орталығының өмірге келуіне қаламыздағы «Аяулым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қаламқас Абдуалиева мұрындық болды.

– Орталық 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Бұл жерде жастарға арналған Wi-Fi аймағы орналасқан. Біз орталыққа арнайы музыкалық аспаптарды сыйға тарттық. Мұнда кітап оқитын және жастардың қолынан жасалған қолөнер бұйымдарын қоятын бұрыштар бар. Жоба аясында орталыққа 2 ноутбук пен интернет желісін, жиһаздар мен орындықтарды орналастырдық. Орталықтың идеясын өзім таңдап, жүзеге асырдым, – дейді Қаламқас Абдулиева.

Салтанатты шара барысында жастар алыстан келген қонақ – Мивако Хирота ханымға өткен тарихымыздан сыр шертіп, қолдан жасалған кесенелерді көрсетіп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татқызды. Жастар ресурстық орталығы атынан ұлттық киім сыйға тартты.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.