Қаламен танысу жалғасуда

Өткен аптаның ортасында қала әкімі Батырлан Ахметов орынбасары Марал Мәдиева мен қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасыловамен қаламыздағы білім ошақтары мен қалалық емхананы аралады.

«Балапан» бағдарламасының аясында 2009 жылдың қарашасында кішкентай бүлдіршіндердің игілігіне берілген «Нұрбөбек» балабақшасынан танысу жұмысын бастаған Батырлан Дүйсенбайұлына мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында балабақша меңгерушісі Жамалқия Жаппасова баяндады. 320 балаға лайықталған балабақшада 13 топ бар.

Қазіргі таңда балабақшаның жұмысы «Балаға мейірімді балабақша» жобасына негізделген. Елбасының тапсырмасымен ашылған балабақшада балалардың жан-жақты дамып, жетілуіне барлық жағдай жасалғанын көрген қала басшысы Б.Ахметов балабақшаның жұмысына көңілі толды. Балабақша меңгерушісі Ж.Жаппасова қала әкіміне мекеменің кішігірім жөндеу жұмысына көмек беруге қолқабыс етсеңіз деген өтінішін білдірді. Қала әкімі Б.Ахметов қолынан келгенше көмек беретінін айтты.

Іргетасы 1988 жылы қаланып, сан мыңдаған бөбектерді қанаттандырған №1 «Ертегі» балабақшасының жай-күйімен қала басшысын балабақша меңгерушісі Рысқал Ярышова таныстырды. Ашылғаннан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген балабақшаның мәселесі ойландыратындай-ақ. 280 балаға арналған балабақшада 260 бүлдіршін тәрбиеленуде. Меңгерушінің айтуынша, жақында тағы да бір топ ашылмақ екен. Бұл балабақшаға 2008 жылы жергілікті бюджет есебінен шатыры жөнделгені болмаса, қалған жұмыстарына көңіл бөлуді талап етіп отыр. Жағдайды өз көзімен көріп, білген жаңа басшы балабақшаға көңіл бөлінетінін айтты.

Білім беру жүйесі озық технологияларға негізделген №1 мектеп-гимназиясы іргелі оқу орындарының алдыңғы қатарында. Бұл білім ошағының жұмысымен танысуға атбасын бұрған қала әкімі Батырлан Ахметовке мектеп басшысы Сәния Сағынтаева ақпарат берді. Жалпы алғанда, мектептің жағдайы көңіл толарлық. Тек қыстың күні салқын болатындығы болмаса. Бұл мәселені жаз келе мектептің жылу құбырларын жаңарту арқылы шешуге болатынын, жұмыстардың жүргізілуін өзі қадағалайтынын, мектеп ауласын жарықтандыруға да мән беру керектігін айтты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша салынған емханада болған қала әкімі Батырлан Ахметовті емхана жұмысымен оның басшысы Аманбала Қоңырова таныстырды. Қала әкімі флюоро, рентген бөлмелерінің, сонымен қатар, жақында емхана жанынан ашылған жастар орталығының, отбасын құруды жоспарлау, ана мен бала бөлмелерінде болды.

Батырлан Дүйсенбайұлы қаламызда орналасқан мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау орталығында болып, орталықтың жай-күйіне көз жеткізді. 3 пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге, олардың ой-жүйесін дамытуда мол мүмкіндік жасап отырған орталықтың жағдайы мәз емес. Көктемде қар ерісе, жаңбыр жауса төбесінен су ағатын көрінеді. Оның үстіне балалардың емін-еркін ойнап-күлуіне, былтырғы жылы алынған спорттық құрал-жабдықтарды кеңінен пайдалануға жағдай жоқ. Себебі, мұнда «Шаңырақ» қиын жағдайға ұшыраған әйелдерге көмек көрсету орталығы да орналасқан. Қала басшысы алдағы уақытта бұл мәселенің түбегейлі шешілетініне сендірді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.