Еңбегіне қарай құрмет

Өскен өңіріне махаббатын, сүйіспеншілігін ерен еңбегімен, қажырлы қызметімен білдірген азаматтар кенді қаламызда да баршылық. Солардың қатарында Жайық аға Мұңсызбаев та бар. Ол туған жерді түлету жолында жастайынан байыпты тірлік, жүйелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде жетпіс бес жастың биігіне шыққан, елге еңбегі сіңген ардагер Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жаны таза, жүрегі жұмсақ, көңілі көктем, пейілі дарқан жандардың жанынан ешқашан адам арылмайды. Мұндай адамдармен алғашқы кездесудің өзі жадыңда мәңгілікке жатталып қалады.

Жайық Рамазанұлы 1944 жылы жаздың шіліңгір ыстығында Рудник кентінде дүниеге келген екен.1961 жылы сол жердегі №7 қазақ орта мектебін бітірісімен, әке жолын қуып Алматы қаласындағы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне бірден оқуға түсіп кетті. 1966 жылы институттың жолдамасымен қайта Жезқазған қаласына жұмысқа орналасады. Негізгі еңбек жолы Жезқазған қаласындағы «Kazakhmys Distribution» ЖШС» Электр желілері кәсіпорнында өтті.

Ерен еңбегінің арқасында 2003 жылы Сәтбаев қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ал 2010 жылы «ҚР Еңбек сіңірген энергетик» атағын алса, 2013 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының атынан «Еңбек сіңірген энергетик» атағын иеленді.

Жастайынан бойына сіңірген тәжірибесі мен атқарған тынымсыз еңбегі оны әлі де биіктерге көтеруде. Күні кеше ол еңбегіне қарай тағы құрметке бөленді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде үш баланы өсіріп, немерелерінің шаттығына бөленіп отырған Жайық Мұңсызбаев отбасында қадірлі, ортасында сыйлы, қызметте құрметті екені сөзсіз.

Айдана СӘУЛЕБЕК.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.