«Нұр Отанға» – 13 жыл

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен жұмыс жасап келе жатқан «Нұр Отан» партиясының еліміздегі беделі айрықша. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге себепкер болып, қазақстандықтардың мүддесінен шыққан саяси күшке ие.

Сонау 1999 жылдың 1-ші наурызында «Отан» деген атпен құрылған партия бүгінгі таңда атына сай нұрлы істерге бастаушы партияға айналды. Өткен бейсенбі күні партияның құрылған күнін мерекелеуге арналған «Партия күні» республикалық акциясының аясында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы ғимаратында ашық есік күні өтті.

Партия күнімен құттықтауға, партияның жұмысымен танысуға қала басшысы Батырлан Ахметов арнайы келді. «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев атқарып отырған жұмыстарымен таныстырды. Қала басшысы партия филиалдарының басшылары мен қызметкерлерін, бастауыш партия ұйымының жетекшілерін, Саяси кеңес Бюросының мүшелерін, қалалық мәслихат депутаттарын, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Одан кейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өтті. Брифинг жұмысында қаламызда партия филиалының құрылған күнінен бастап, бүгінгі қарқын алған тұсына дейінгі аралықта еңбек етіп, партия жұмысының ілгерілеуіне өз септігін тигізіп келе жатқан «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Айгүл Төлендина еліміздегі басты партияның қаламызда қалай құрылғаны, оның алғашқы іргетасын қалаушылар жайында ақпарат берді.

– 1999 жылы партияның іске кіріскеніне орай, 12 наурызда қаламызда конференция өтті. Алғашында партия мүшелігінде 260 адам болды. Партия жұмысын ұйымдастыруда атқарушы директоры Мейрамбек Есмағанбетовтің үлесі мол болды. Одан кейін Төлеутай Рахымбеков, Қанат Балмағамбетов партия филиалының төрағалығында болды. Қанат Сұлтанұлының бастамасымен «Болашақ» ұйымының жұмысы нығая түсті. «Жас Отан» жастар қанаты, жастар одағы құрылып, Саяси кеңес Бюросының жұмысы бірізділікке түсті. Қазіргі күні партия үш мыңнан астам мүшесі, 13 бастауыш ұйымы бар қозғаушы күшке айналды, – деді А.Төлендина.

Бұл күні Жезқазған кентінде орналасқан М.Құлышова атындағы «Балалық шақ» балалар үйінің 15 қызметкері партия мүшелігіне өтті. Партия қатарына өткендердің атынан Алмагүл Бекқожина сенімге селкеу түсірмейтіндіктерін білдірді.

Ашық есік күнінің барысында қалалық мәслихат депутаттары А.Төлендина, И.Бралин, Т.Хмилярчук, Т.Тәжбенов, С.Орал, И.Велиев және «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Қабылдаудың алғашқы легінде Жөкен Балмағанбетов, Елена Ишанкулеева, Гүлмира Бейсенбаева есімді азаматтар шешімін таппай жүрген мәселелерін ортаға салды. Құсайынов көшесі, 33 үйде тұратын Жөкен Балмағанбетов «Изумруд» ПИК-нің жұмысына көңілінің толмайтындығын жеткізді. Үйдің төбесінен ағатын судан әбден ығыры шыққан Жөкен ақсақал бала-шағасымен төбені өздері құйған. Алайда, кәсіби мамандардың қатысуынсыз жасалған жұмыстың сапасының қандай болатыны белгілі ғой. – «Изумрудқа» қанша мәрте шағымданып, мәселемізді айтқанымызбен ПИК-тің төрайымы төбені құйып беруге дәрменсіздік танытып отыр. Тым болмаса төбені құятын барлық керекті заттарды алып берсек, ПИК-тің мамандары істеп берсе екен. Осы жағдайды шешіп берулеріңізді сұраймын, – деді ақсақал. Депутаттар ақсақалдың өтінішін ПИК-тің төрайымына жеткізетіндіктерін алға тартты. Осы кеншілер қаласында туып өскен Елена Ишанкулеева Түркімен мемлекетіне тұрмысқа шыққан. Күйеуімен дәм-тұзы келіспеген азаматша әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген көрінеді. – 2000 жылы осында қайта оралдым. Қолымда ІІ топтағы мүгедек анам бар. Он екі жылдан бері Қазақстанның азаматтығын растайтын құжатқа қолым жетпей дал болып жүрмін. Ашпаған есігім қалмады. Үкімет басшысына дейін хат жаздым. Ендігі үміт сіздерден болар деп келіп отырмын, – деді Елена. Өзге елдің азаматтығынан әлі күнге дейін арыла алмай жүрген азаматшаға бұл мәселенің жуырда шешіле қоймайтынын, өтінішін Ішкі істер Миинистрлігіне, партияның орталық аппаратына жеткіземіз деді.

Гурба көшесі, 90 үйде тұратын Гүлмира Бейсенбаева №3 тұрғын-үй коммуналдық цехына арызданып келіпті. Өздері тұратын пәтер тамақ пісіргенде буланып, үйдің қабырғалары көгеріп кетеді екен. Бұл мәселемен бармаған жерлерінің қалмағанын айтады. Үйдің не себепті мұндай халге түскенін ашып түсіндіріп бере алмаған азаматшаға, депутаттар арнайы комиссия құрылып, үйдің жағдайын барып көретіндіктерін, сонда ғана қандай шаралар қолдану керектігін айтамыз деді. Бұл ашық есік күніндегі қабылдау бір күн бойы филиал ғимаратында жүрді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.