«Jezkiik» жаһан назарын Ұлытауға бұрды

Өткен аптаның соңында Ұлт ұясы – Ұлытауда «Jezkiik» II xалықаралық этно-музыкалық фестивалі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған айшықты шараға шет елдерден де өнер ұжымдары келді.

«Jezkiik» фестивалінің аясында Ұлытауда туризмді дамыту әлеуеті мен проблемаларын талқылауға арналған туристік форум да өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Ұлытау ауданындағы сапар барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Болатсай бойында табиғат аясындағы этно ауылдың ұлттық сипатына айрықша назар аударды. Бір ерекшелігі – этно ауыл төрт аумаққа бөлінген. Өз кезегінде мемлекет басшысы «Ұлы дала жаңғырығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесін аралады. Мұндағы қолөнер шеберлерінің былғары, ағаш және кигізден жасалған бұйымдары көз сүйсінтпей қоймайды.

Бұдан кейін Президент «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумына қатысты. Шарада сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс деді. Өйткені, киелі өлке – ұлтымыздың алтын бесігі, тарихымыздың куәсі. Ашық пікір алаңына айналған жиында мемлекет басшысы «Ұлытау» ұлттық табиғи паркі жобасын жүзеге асырумен қоса,туристерге арнайы орталық ашуды қадап тапсырды.

– Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек. Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдың сапасын жақсарту қажет. Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – дәл осындай халықтық жобалардың қайнар көзі. Ұлттың ұясы, бірліктің бесігі – Ұлытауды ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді мемлекет басшысы.

Орайы келгенде айта кетейік, туристік форумға қатысушылар қатарында Қазақстан, Германия, Моңғолия, Түркия және Қырғызстаннан келген туроператорлар болды. Олардың барлығы Ұлытау Қазақстанның басқа да киелі орындары секілді туристік бизнесті дамытуда зор әлеуетке ие деген пікірмен келісіп отыр.

Қазақстанда туризмді дамытуға бағытталған бағдарламалар жалпы ішкі өнімдегі осы саланың үлесін 8 пайызға өсірген. Бір ғана мысал, жылына елімізге келетін туристердің саны 8 миллион адамды құрайды. Сонымен қатар, отандық және сыртқы туризмді дамытуға сәйкес 650 мыңға жуық жұмыс орындары құрылады деп жоспарланып отыр.

Форумда, сондай-ақ, туристік бизнестің жаңа трендтері туралы да сөз қозғалды. Дүниежүзілік туристік ұйымның зерттеулеріне сүйенсек, бес жұлдызды жайлы қонақ үйлердегі демалыс қазіргі таңда өзектілігін жоғалтуда. Жылдан жылға жиһангездердің көбісі этно және экотуризмді таңдауда. Адамдар келген елдері туралы көбірек ақпарат алуды қалайды. Оның мәдениетін зерттеп, жергілікті xалықпен араласқысы келеді. Шетелдік туристерді Қазақстан аумағында Ұлы Жібек жолы өткені туралы деректер қызықтырады.

Форум қорытындысы ретінде «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы мен Моңғолия, Германия және Швейцариялық «Инди гайд» компаниясы мен Қазақстан скаут қозғалысы ұйымының арасында орнатылған меморандумды айтуға болады. Бұл меморандум Моңғолия мен Қазақстан арқылы өтпелі турлар ұйымдастыруға, балалар-жасөспірімдер туризмін танымал етуге және осылайша Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді.

Форумнан соң Қазақстан Республикасының Президенті «Jezkiik» II халықаралық этникалық музыка фестивалінің ашылу салтанатын тамашалады. Мәдени шараның басты мақсаты – қазақ фольклорын кеңінен насихаттау. Салтанатты шоу ат құлағында ойнаған «NOMAD STUNTS» каскадерлер тобының қойылымымен басталды. Сонан соң саxна төрінде «Тоқырауын толқындары» (Қазақстан), «Hassak» (Қазақстан), «MORESCA NOVA» (Италия), «CARMEN GUERRERO FLAMENCO» (Испания), «Serbian Abrasevic band» (Сербия), «Dunaj banda» (Венгрия) ансамбльдері өнер көрсетті. Сонымен қатар, қонақтар алдында Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова күмбірлете күй төгіп, әуелете ән шырқады.

Эно ауыл аумағында қонақтар үшін ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылды. Кез келген ниет білдіруші көшпенділердің ұлттық тағамын әзірлеуді үйреніп, өңірдің үздік аспаздары даярлаған тағамдарынан дәм тата алды және дала xалқының ас мәзірлері туралы тереңірек ақпарат ала алды.

– Біз бүгін қазіргі уақытта әзірлене қоймайтын қазақтың бес тағамын дайындаймыз. Оның негізгісі – бидай көже, бұл – барлық отбасына арналған көктемгі тағам. Осы тағаммен қазақтар алты ай қыстың аяқталғанын атап өтіп, барлық ағайындарының басын қосқан. Әркім өз үйінен қыстан қалған сүр еттерін алып келген. Бұл сусынның құрамында негізгінен ет, сүт өнімдері мен дәнді-дақылдар болған. Оны келесідей әзірлеген: етті әбден кептірген, сүрлеген, тобылғымен отта ыстаған. Осы етті қайнатқан сорпаға құрт, қатық, айран және бидай мен жүгері қосқан. Бүгін біз, сондай-ақ, қарын көмбе тағамын дайындаймыз. Ол мал бағатын бақташыларға арналған. Мұнда қойдың қарнына ет салып, өзінің сөліне қайнатқан. Қарын бүрме – бүгінгі ерекше тағамдарымыздың бірі. Негізгі тағам дайын болғанша, балаларға арналып ет қайнатылған. Бұл тағамды қарын бүрме деп атаған. Бүгінгі ас мәзіріміздегі соңғы тағам – төңкерме. Бұл «жарыс казан» ырымына арналған тамақ. Оны жуырда ғана босанған әйелге арнап, бидай мен майдан жасаған, – дейді ҚР Ұлттық мұражайы жанындағы «Халық казынасы» ғылыми-зерттеу институтының мәдени мұра бөлімінің жетекшісі Әйгерім Мұсағайжинова.

«Jezkiik» этно ауылында спорттық аумақ та болды. Мұнда асық ату, қол күресі, қазақша күрес, тоғыз құмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтті. Жеңімпаздарға фестивальдің белгісі бар арнайы грамоталар мен медальдар табыс етілді.

Қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетті Ұлытауда өткен «Жезкиік» этно-мәдени мұра фестивалінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев пен Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Сара Тоқтамысова жиналған көпшілікке айтыс өнерін көрсетті. Фестиваль барысында «Арлан» ұлттық дәстүрлер театры қойылым қойса, қазақстандық эстрада жұлдыздары Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, «Дос-Мұқасан», «Ұлытау», «Alatau serileri», «Назар» топтарының қатысуымен кеш гала-концертпен аяқталды.

Аманкелді АҚШАЛ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.