Атқарылар жұмыс ауқымды

Сәтбаев қалалық Ардагерлер кеңесі бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелерге, олардың тиянақты шешілуіне өз үлестерін қосып келеді. Құрметті зейнетке шықса да, зейінін елдің елдік, руханият арнасына бұрған бір топ ардагер өткен аптада кезекті отырыс өткізіп, алдағы жұмыс жоспарын бекітті. Жыл ішінде атқарған істерін баяндап, жаңа құрамды сайлады.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Сәтбаев қалалық филиалында атқарылған жұмыстар орасан. Олар қала әкімшілігімен, бөлімдерімен, қоғамдық және бизнес ұйымдармен бірлесе жұмыс атқаруда. Мәдени-көпшілік шаралардың өткізілуіне атсалысуда. Мәселен, Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған Жеңіс саябағында өткен мерекеде өскелең ұрпаққа патриоттық рухани тәрбие беруде келелі істер тындырды. Жастарды әскери патриотизмге, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеуде білім мекемелері мен кітапханаларда кездесулер ұйымдастырды.

Бүгінде Сәтбаев қаласында 8300 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысына қатысушы, 600 тыл ардагері, 2 социалистік Еңбек ері бар. Зейнеткерлердің тұрғылықты жерлері және еңбек еткен мекемелері бойынша 20 бастауыш ұйым бар. Ардагерлер алдағы жоспарлардың басында бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіріп, аға ұрпақ өкілдерінің қоғамға өз үлесін қосу міндетін қоспақшы.

– Кеңес алдында ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алу, қаладағы бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандырып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, еңбек ардагерлерінің сіңірген еңбегін жастарға идеялық, рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында жұмыстар жүргізу міндеті тұр. Елбасының жолдаған «Қазақстан-2050» стратегиясында, «Мәңгілік Ел» идеясында және республикалық ардагерлер ұйымының VII съезінің қаулыларында алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылуына үнемі көңіл бөлініп отырады. Жыл көлемінде соғыс және тыл ардагерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге қажетті көмек көрсету басты назарда. Олар кәсіпорындарға бекітіліп, қамқорлыққа алынды. Атқарушы органдар әлеуметтік қызмет көрсету бөлімі арқылы ардагерлердің тұрмыс жағдайларын тексеріп, тиісінше әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіп келеді.

Қалалық ардагерлер ұйымы құрамында 3 тұрақты комиссия жұмыс жасауда. Олар денсаулық сақтау саласын, білім беретін оқу орындарын, қарттардың тұрмыстық жағдайларын тексеріп отыруға белсенді түрде қатысып жүр. Мектеп оқушыларына әрдайым сұранысқа ие техникалық мамандықтарды кеңінен насихаттауда. Көпшілік мерекелерде дастархан жайылып, концерттер ұйымдастырылуда. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыстар өткізіліп, ардагерлердің көңіл-күйлерін көтеруге жағдайлар жасалуда, – деді кеңес төрағасы Сабыр Омаров.

Ұйым жұмыс жоспарына сай, күн тәртібінде тұрған келелі мәселелерге қатысты шешімдер шығарды. Жиын барысында қатысушылармен Жеңістің 75 жылдығына орай айтулы датаны ауқымды шаралармен атап өту, жыл соңына дейін шаһардағы Жеңіске арналған ескерткіштер мен басқа да символдардың, сондай-ақ, саябақтардың жай-күйін тексеріп, оларды жөндеуге қатысты атқарылатын жұмыстарға қолғабыс жасау сынды ұсыныстар келтірілді. Өз кезегінде кеңес төрағасы жұмыстардың әуел басында патриоттық тәрбиені үнемі және үздіксіз жетілдіру мақсаты тұратынын ескертті.

Отырыста сондай-ақ кеңестің жаңа құрамын сайлау, тексеру комиссиясының мүшелерін сайлау туралы қаулы қабылданды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.