Өнегелі әжелер

Халықаралық әйелдер күніне және Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың 100 жылдығына арналған қалалық әжелер сайысы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған сайыстың мақсаты – қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен ұлттық құндылықтарын насихаттау және әжелердің өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Сайысқа зейнеткер аналар мен қаламыздағы мектептер, аурухана атынан тоғыз ақ жаулықты аналар қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Оларды қаламыздың Құрметті азаматы, ақын М.Тілеуов, қалалық мәслихаттың аппарат басшысы Қ.Махамбетова, оқыту әдістемелік кабинеттің әдіскері Л.Ибраева құрамындағы қазылар алқасы бағалады.

Ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп, өз отбастарының ұйытқысы болып отырған әжелер байқау шарты бойынша 4 кезеңнен өтті. Алдымен, әжелер барша қауымға өздерін таныстырды. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» атты бөлімде әжелер күнделікті үй тұрмысында кездесетін, әркім біле бермейтін, ұмыт болып бара жатқан ақыл-кеңестерін ортаға салды. Сайыс әрі қарай сұрақ-жауап бөлімімен жалғасты. Мұнда әжелерге өмірі мен шығармашылығы кеңес дәуіріндегі қазақ музыка тарихының жарқын беттерінің біріне айналған Қазақ ССР-ның халық әртісі Жамал Омароваға қатысты сұрақтар қойылды. Байқаудың соңғы кезеңінде көрермендер «Асыл әжем» атты әжелер мен олардың немерелерінің орындауындағы ән мен биді тамашалады. Көтеріңкі көңіл-күйде өткен бұл сайыс осылайша өз мәресіне жетіп, қорытындысы шығарылды.

Жүлделі І орынды №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Ләззат Садуақасова жеңіп алды. ІІ орынды қаламыздың Құрметті азаматы, ақын Зейнеп Әбілбекова мен №14 орта мектептің ардагер ұстазы Кеніш Уалина өзара бөлісті. ІІІ орынды зейнеткер Күләш Бейсекеева мен №10 орта мектептің психолог маманы Сәндігүл Көшкенбаева иеленді. Сондай-ақ, байқауда әжелер түрлі номинациялар бойынша марапатталды. «Байсалды әже» номинациясы №3 орта мектептің атынан өнер көрсеткен Бейбітгүл Сауқымбаеваға берілсе, «Өнерлі әже» номинациясына қалалық емхана дәрігері Алмагүл Шегірова ие болды. «Өнегелі әже» болып №7 орта мектептің мұғалімі Махаббат Тоқымбаева танылса, «Көрікті әже» атағын үй шаруасындағы Зәуреш Байбуланова иеленді. Сайысқа қатысушылардың барлығы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.