Спорт саңлақтары марапатталды

Жуырда ғана аталып өткен Спорт күні сәтбаевтық спортшылардың мерейін асырған күн ретінде есте қалмақ. Қала намысын республикалық, халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген бір топ спортшы мен осы сала қызметкерлеріне өткен аптада «Бақ-дәулет» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, мерекелік кеш ұйымдастырылды. Үздіктер ұлықталды.

Сәтбаев қаласының спортшылары үшін биылғы жыл берекелі жыл болғаны аян. Байрақты бәсекелерде жерлестеріміз лайықты өнер көрсетіп, кенді қалада қалыптасқан мектептің жоғары дәрежеде екендігін дәлелдеп келеді. Мәселен, 2005 жылы туған жасөспірімдерден құралған «Сатпаевские волки» хоккей командасы ел чемпионатында қола жүлдегер атанса, мәнерлеп сырғанаудан Дарья Кривошея ҚР Чемпионатында бірінші орын алып, спорт шебері дәрежесіне ие болды. Давид Дюсембаев бокстан жастар арасында халықаралық турнирдің чемпионы болса, жеңіл атлетика желаяқтары Екатерина Парамонова, Роман Дударь, Данил Ситников, Александра Мохирева ел чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрінді. Артем Грязев жасөспірімдер арасында снарядты сығымдап көтеруде алтыннан алқа тағынса, Мағжан Жұмабаев бокстан Қазақстан Чемпионатында үшінші орынды еншіледі. Азамат Шакиров қоян-қолтық күрестен Азия чемпионатында бірінші орынды иеленсе, дәл осы спорт түрінен Арман Дүйсембеков, Анатолий Мисилев, Еркебұлан Сламбек Азия жүлдегерлері атанды. Осындай жетістіктерге жетіп, қала мерейін асырған спортшылар мен олардың бапкерлеріне мерекелік кеште құрмет көрсетілді.

Шараның әуелгі мақсаты спорт ардагерлеріне құрмет көрсету, үздік спортшыларға қала әкімінің сыйлығын табыс ету және спорт пен дене шынықтыру саласында еселі еңбек етіп жүрген жерлестерге лайықты марапат жасау болды. Спортшыларды атаулы мерекемен құттықтай барған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина жерлестеріміздің жетістіктеріне тоқталып, жарқын жеңістер тіледі.

– Қазақ халқының даналық сөзі «Денсаулық – зор байлық» деп көрсетеді. «Дені саудың – жаны сау» деп те жатамыз. Спорт тек дененің шынығуы ғана емес, адам болмысының қалыптасуына, рухани дамып өзін тану жолындағы белес екендігі мәлім. Ұлттың саулығы – тұтас елдің мықтылығының көрсеткіші. Спортқа Сәтбаев қаласында да үлкен көңіл бөлінуде, өзге спортшылармен иық тіресе алатын мықты спортшыларды баптаудамыз. 152 спорттық құрылымдарда 25 спорт түрі дамып келеді. Биылғы жылдың өзінде 10 спортшымыз Қазақстан Республикасының чемпиондары атанса, 35 спортшы Қарағанды облысының жеңімпаздары болды. ҚР құрама командасына қаламыздың 44 спортшысы енді. Бұл сөзсіз үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да біздің қаламыздан Олимпиада жұлдыздары шығады деп сенемін. Сіздерге мықты денсаулық пен жарқын жеңістер тілеймін, – деді.

Айгүл Қосманқызы облыстағы дене шынықтыру және спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі үшін Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасымен Сәтбаев қалалық олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің каратэ-до кекушинкайдан жоғары санаттағы біліктілігі жоғары деңгейлі бапкер-жаттықтырушысы Болат Смағұловты марапаттады. Осы кезекте спортты насихаттап жүрген бірқатар азаматқа қала әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылды.

Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук қала басшысының Алғыс хатымен бірқатар спортшыны марапаттады. Мұндай марапатқа Мағжан Жұмабаев, Иван Бушуйкин, Бауыржан Зікірия, Александра Мохирева, Жанболат Рахымберлі, Аслан Құрбанов, Александр Шипулин, Юрий Мажитов лайықталды.

Мерекелік кеште үздіктерге қала әкімінің сыйақысы тағайындалды. «Үздік спорт ардагері» номинациясына ардагерлер арасында пауэрлифтингтен ел чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы Юрий Апарин лайық деп саналса, «Үздік бұқаралық спортшы» болып волейбол, футбол, президенттік көпсайыстар бойынша қалалық жарыстардың жүлдегері, №19 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Архат Тұрар атанды. Ал, мемлекеттік қызметкерлер арасында «Жылдың үздік спортшысы» номинациясын үстел теннисі, футболдан облыс чемпионы, облыстық және қалалық спорттық шараларға белсенді қатысушы, №7 мектептің дене шынықтыру мұғалімі Жасұлан Исабеков иеленді. «Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жыл спортшысы» атағына жеңіл атлетикадан облыс чемпионы Мақсұт Дәрібаев лайық деп танылды.

«Үздік ұйымдастырушы» номинациясымен МОРБЖМ басшысының орынбасары Біржан Мұқанов марапатталса, «Жылдың үздік бапкері» болып МОРБЖМ жеңіл атлетикадан жоғары санаттағы бапкер-жаттықтырушы, жеңіл атлетикадан жиырмадан астам спорт шеберін дайындаған Татьяна Дударь танылды. Ал, «Жылдың үздік спортшысы» номинациясының жеңімпазы болып бокстан спорт шебері Давид Дюсембаев танылды. Барша марапат иелеріне ақшалай сыйлық пен қала әкімінің дипломы табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.