Жүзінен шуақ шашқан

Солтүстік Жезқазған кенішінің экономика-жоспарлау бөлімінің экономисі Кәмшат Әуезова – Шымкент қаласындағы Қазақстан Халықтар достығы университетінің түлегі. Кен тасымалының үздіксіз жүруі жолында жиырма жылға жуық тер төккен нәзік жанды келіншек бүгінде ерлермен бір сапта еңбек көрігін қыздыр-
ған майталман маманға айналған.

Еңбек жағдайын жасау барысында кететін шығындарды есептеп, қажетті материалдар тізімін тап-тұйнақтай қылып қаттап-шоттап отыратын Кәмшат Сәбитқызы қасиетті Ұлытау өңірінің тумасы. Содан болар, өнерге бала кезінен ғашық. Қолына үкілі домбырасын алып, Естай, Майлықожаның термелерін, халық әндерін тамылжыта шырқағанда тамсанбай тұра алмайсың. Кезінде «Ұлытау үні» фестивалінде талай мәрте топ жарған ол бүгінде Солтүстік Жезқазған кенішінің жезтаңдай әншісі. Бірнеше рет өндірісшілер арасында өткен ән байқауында жеңімпаз атанды.

– Өнерге құштарлық нағашыларымнан жұққан. Шерәлі ағамның жүрген жері думан-той болатын. Анам Раушан да тамылжыта ән салғанды ұнатады. Тоқсаныншы жылдары Алматыдағы №2 музыка мектебінде білім алдым. Түрлі байқауларға қатысып, шыңдала түстім. Дегенмен, есейе келе басқа саланы таңдауыма тура келді, – деген Кәмшат отбасында асыл жар, аяулы ана. Жолдасы Раймен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, Аслан атты немересінің қызығына бөленуде. Ұлы Серікжан да өнерге жақын болып шықты. Ол «Маюри» тобының бишісі, хореограф мамандығы бойынша білім алуда. Бізбен сұхбат барысында кейіпкеріміз бақытты жар болу үшін қыз-келіншектерге арналған кеңесін де бере кетті.

– Сүйікті жар болғаннан соң, аяулы ана болу – ең негізгі міндеттердің бірі емес, бірегейі. Күйеуің қалап, денсаулығың жарап тұрса, көпбалалы болуға ниеттен және оны өз деңгейінде жүзеге асыр. Баланың саны неғұрлым көп болса, үйде ырыс пен бақ соғұрлым мол болып, шұғылалы шаңыраққа айналады. Заманауи стандарт екі бала болса, оны екі, үш еселе. Ұтылмайсың. Осылай үнемі еңбектенудің арқасында, әуелі үлгілі отбасын жасап алсаң, одан кейін тасың өрге домалайтыны анық. Қай уақытта болашақта жақсылықтың болатынына сену керек. Өмірдегі кез келген игі істердің ұйытқысы болуға өзің де жиі тырыс. Өзгеге көмектескен сайын, Құдай мәртебеңді арттыра түседі. «Шағын мемлекеттің» шайқалмай тұруы әйел адамға байланысты. Ендеше, әр аруға айтарым, үлгілі отбасы болу өз қолыңда, – дейді жүзінен шуақ шашқан келіншек.

Комментарии закрыты.