Рақымшылық заңы күшінде

2012 жылдың 22 қаңтарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» Заң күшіне енді. Осы Заңға сәйкес, жасаған қылмыстары онша ауыр емес және ауырлығы орташа  сотталған адамдар жазадан босатылады.

Яғни, кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе 1 және 2 топтағы мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар, 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер, 50 жасқа толған және одан жоғары жастағы әйелдер, 63-ке толған және одан жоғары жастағы ер адамдар, әскери және интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, сондай-ақ, күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын әйелдер жазадан босатылады.

Сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмысы үшін:

ҚР ҚК-нің 63 бабын қолданылып шартты түрде сынақ мерзімі тағайындалғандар, ҚК — тің 70, 71 және 73 бабы негізінде сот тағайындаған жазасын өтеуден босатылған  және сот тағайындаған жазасы неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылғандар, ҚК-тің 72 бабына сәйкес сот үкімінің орындалуы кейінге қалдырылған  жүкті әйелдер және жас балалары бар әйелдер, жас балаларды өзі тәрбиелейтін ер адамдар, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза түрлеріне сотталған адамдар, егер бұл жаза негізгі жаза түрінде қолданылған болса, жазадан босатылады.

Сонымен қатар, осы Заңға сәйкес, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған адамдар, егер олар тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен бір бөлігін өтеген болса, бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылады. Бұл ретте, осы Заңның қолданылуы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталушыларға сол жердегі соттарға жүктелген.

«Рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза көзделген онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы қылмыстық істер және соттар қарамаған істер ҚР қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен іс қозғаудан бас тартылып, іс жүргізілуі тоқтатылады.

Жаза онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы қылмыстық істер және соттар қарамаған істер ҚР қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен іс қозғаудан бас тартылып, іс жүргізілудің қысқартылуы қылмыстық процесті жүргізуші органдарға жүктелген.

Сондай-ақ, Заңды қолдану прокурор санкция берген қылмыстық процесті жүргізуші органның (лауазымды адамның) қаулысы негізінде, сондай-ақ, сот қаулысы негізінде жүргізіледі.

Қылмысқа кінәлі тұлғаға (сезіктіге, айыпталушыға, сотталушыға) рақымшылық туралы заңның қолданылуы барысында оған қатысты қылмыстық істі қозғаудан бас тартылуы және қылмыстық істі қысқарту кезінде қылмыстық іс-әрекетімен зардап келтірілген адамның немесе жәбірленушінің келісімі қажет етілмейді.

Бұл ретте, қылмыстық процесті жүргізуші орган тарапынан жәбірленушіні азаматтық талапкер ретінде танып, қылмыс арқылы моральдық немесе мүліктік келтірілген зардапты талап-арызбен азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен өндіру құқығын түсіндіру қажеттілігі ескерілген.

Сонымен қатар, осы Заңда, егер өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адам бұған қарсы болған жағдайда рақымшылық жасау қолданылмайды деп көрсетілген.

Бұлармен қоса, осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар ҚР Үкіметі және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген. Яғни, рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылған және зайыбы (жұбайы) немесе жақын туыстары жоқ 1 және 2 топтағы мүгедектер мен  егде тартуына байланысты өзін-өзі күте алмайтын адамдарды стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерге (ұйымдарға) орналастыру, босатылған кәмелетке толмағандарды ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру, осы Заң қолданысқа енгізілетін кезде үкімді орындау барысында аяқталмай қалған ем қабылдаудың жалғастырылуын қамтамасыз ету, рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылғандарды белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастыру жөнінде шаралар қолдану жүктелген.

М.Әбікенов, Сәтбаев қаласы прокурорының көмекшісі, 2 сыныпты заңгер.

Комментарии закрыты.