Өнерге жетелеген

Биылғы жыл ол үшін табысты болды. Жүлделер, жаңа әндер. Шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып, сенімін ақтады. «Одан артық не керек!» дейді кейіпкеріміз қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.

Балаларды өнер шыңына жетелеу жолында үлкен еңбек сіңіріп жүрген Нұрайша Сейдахметова қаламыздағы №31 «Балапан» балабақшасында музыка жетекшісі. Тәрбиеленушілері өткен жылы облыстық «Күміс қоңырау» байқауында екінші орынды еншілесе, биыл бірінші орынды жеңіп алды. Ал, облыстық «Маленькая страна» байқауында «Вокал» номинациясы бойынша өткен жылы екінші орынды иеленіп, балабақша абыройын арттыра түсті. Ән мен биден бөлек пародия жасаудың шебері атанған Нұрайша Молдашқызы балабақшааралық «Менің сүйікті жұлдызым» сайысында жеңіске жетті. Оның түрлі еңбектері сайттарда тұрақты түрде жарияланып тұрады. Мәселен, «Жүректің жылуын сыйлаймын анама», «Қош бол, балабақшам!», «Музыка – бүлдіршіндерді әсемдік әлеміне неғұрлым кеңінен жақындататын өнер» атты жұмыстары Республикалық әдістемелік «sabagtar.kz» сайтында жарияланып, бірнеше рет аталмыш сайттың, «Ustazdar.kz», «Bilim-all.kz» Республикалық ақпараттық-танымдық порталының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

– Өнерге қызығушылығым ерте оянды. Анам Зейнеп Арыстанбекова жиырма бес жыл Никольск мәдени ағарту училищесінде қыз-мет жасады. Ол кісі ән салғанда ыңылдап қосылып жүремін. Мұны байқаған анам дауысымның жақсы келетінін айтты. Одан кейін сенімділік пайда болып, қызығушылығым артты. Осы күнге дейін өзгерген жоқ. Әркімнің өз махаббаты, басқа бір қырлары бар. Менің бір қырым осы өнер шығар деп ойлаймын, – деген тәлімгер Жезқазған музыка колледжінің түлегі. Бала кезінде бес жыл музыка мектебін фортепиано сыныбы бойынша үздік аяқтады.

Отбасын құрып, ұл-қыз өсіріп, екі немереге әже атанған Нұрайша Молдашқызы өмір жолында кездескен кедергілерден тайсалмай өткен адам. Тыныққанда кітап оқығанды жақсы көретін ол Пинтосевичтің «Живи» деген кітабын оқып жатқандығын айтып қалды.

– Адамға күш-жігер беретін кітаптарға құмармын. Одан жалықсам, классикалық шығармаларды оқимын. Мінсіз адам жоқ. Кемшіліксіз көрінгісі келу – шынайылыққа, табиғатқа қарсы шығу. Ол жасанды болар еді. Кемшіліктің арқасында өсеміз, жетілеміз, тұлға болып қалыптасамыз. Көбінесе өз жүрегімнің үнін тыңдауға уақыт бөле бермейміз. Бұл – қателік. Біз, адамдар, анаған да, мынаған да жүгіріп жүреміз. Барлығына үлгеру керекпін, қалыспауым қажет деп жүріп, өз өзімізді ұмытып кетіп жатамыз. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүргенде өзімізге де бір сәт уақыт бөлгеніміз жөн, – дейді үйдің де, түздің де жұмысына үлгеріп, жас ұрпақтың болашағы жолында еңбектеніп жүрген тәлімгер.

Комментарии закрыты.