«Жүректерде жанған жұлдыз»

Дәл осы атпен кеншілер шаһарының туған күні қарсаңында қаламызға есімі берілген ғұлама ғалым, даңқты геолог Қаныш Сәтбаевқа арналған жинақ жарық көрді.

Жинақтың «Жұртының жадында, елінің есінде» деген бірінші бөлімінде академик Қаныш Имантайұлы жайлы естеліктер, әңгімелер топтастырылса, екінші «Жыр болып өрілген, ән болып төгілген» бөліміне халқымыздың біртуар азаматына арналған өлеңдер және әндер енген.

Кітап қазақ халқының мақтанышына айналған ұлы тұлғаның жары Таисия Сәтбаеваның естелігімен басталып, Мұхит Бөпежанов, Өмірхан Байқоңыров, Василий Штифанов, Виктор Гурба сияқты ғалыммен қатар еңбек еткен, атақты геологтың ғылыми жобаларын іске асыру жолында тер төккен әріптестерінің әңгімелерімен жалғасады. Сүтемген Бүкіров, Ғазиз Омаров, Мәкен Төрегелдин, Мұзараф Аханов сынды ел ағаларының даланың дара ұлы туралы жүрекжарды жылы лебіздерін де кітаптан табасыз.

Түңғыш қазақ геологы атанған Қаныш ағаға ән мен жыр арнаған ақындардың ішінде Ш.Ділдебаев, Ғ.Ештанаев, М.Тілеуов, Ө.Сартов, А.Бұқар және т.б бар.

– Жинақ ғұлама ғалымның 120 жылдық мерейтойы аясында жарық көріп, қала күніне тарту болып отыр. Күллі қазақ халқы мақтанатын, тұтас әлем мойындаған геологқа арналған осындай кітап шығару бастамасын қала әкімі А.Ыдырысовтың өзі көтерген болатын. Енді, міне, тікелей Асқар Абылайұлының қолдауымен қала күні қарсаңында кітап оқырманға жол тартты, – дейді жинақтың құрастырушысы және жауапты редакторы, журналист, ақын, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов.

Отандық ғылымның бастауында тұрған, Жезқазған-Ұлытау аймағын зерттеуге өлшеусіз еңбек сіңіріп, кенді өлкенің жерасты байлығын игеруде аянбай қызмет еткен білікті геолог туралы естеліктер ресми, құрғақ деректерге толы дүниелерден тым бөлек. Мұнда Қаныш Имантайұлының ғылыми ғана емес, адами болмысы, мінезі, қарапайымдылығы жайлы жүрекке жылы естеліктер енген десек асыра сілтегендік емес. Ғалымның ерен еңбегіне бас иген жандардың шығармаларын оқи отырып әлемге қазақ халқын паш еткен Қаныш ағамыздың тау тұлғасына деген құрмет еселене түседі.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.