Тіл жанашыры төрге озды

Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің дәстүрлі «Тіл жанашыры» сыйлығының марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Ана тілдің абыройын көтеруді мақсат еткен бұл байқау зияткерлер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін түрлі ұлт өкілдері, үш тілді жетік білген жастар арасында жүргізілген болатын.

Байқаудың Тілдер күні мерекесіне орайластырылған марапаттау шарасына облыс әкімі Ерлан Қошанов қатысып, «Тіл жанашыры» сыйлығы мемлекеттік тіл саясатын өңірде белсенді насихаттаушы сегіз жеңімпазға табыс етілді. Олардың арасында Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина бар екендігін зор мақтанышпен атап өткіміз келеді. Осылайша тіл жанашыры «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы бойынша төрге озды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға нақты ісімен үлес қосып, қазақ сөздерінің мағынасын жаңғыртудағы еңбегі Мадинат Балтинаның білгірлігін, жан-жақтылығын байқатса керек. Байсалды мінезімен, ақжарқын пейілімен көпшілікті үйіріп алатын Мадинат Игенберлина жастарға ақыл-кеңесін беруден ешқашан жалықпайды. Болмысынан зиялылықтың лебі есетін мейірімді жүзі, ақыл-парасаты үлгі екені сөзсіз. Жастардың оның өнегелі еңбек жолынан алар тағылымы қашан да мол.

Мира ШАХАТ.

Комментарии закрыты.