Заңды білгеннің артықтығы жоқ

Президент әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның жоспары бойынша өткен аптада қала әкімдігінде «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.

ҚР Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламалар кеңсесі жергілікті мемлекеттік қызметшілер, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері үшін өткізген шараны қала әкімі А.Ыдырысов ашып, елімізде адам құқықтарын қорғау халықаралық құқықтың бөлінбес бір бөлігі екенін айтып өтті. Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев елімізде адам құқықтарын қорғау жұмыстарының жүргізілу барысына, сапар мақсатына тоқталды.

– Заңды білгеннің артықтығы жоқ. Алыс аудандардағы тұрғындарға атбасын бұрудағы мақсат – мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдеріне елімізде адам құқықтарын қорғаудың қандай тетіктері бар екенін және оны қалай жүзеге асыру керектігін түсіндіру. Ұлттық және халықаралық механизмдерді таныстыру. Сонымен бірге, халықтың өз құқығын білуге деген сауаттылығын арттыру. Бұдан бөлек, азаматтарымыз құқығы мен бостандығын біліп қана қоймай, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін білу қажет екенін еске салу. Себебі, құқық пен міндет қатар жүретінін ұмытпауымыз қажет. Ең бастысы – отандастарымыз өзінің құқығы мен міндетін білетін болса, мемлекетіміз дамыған отыз елдің қатарына анағұрлым тез қосылатынына сенімдімін. Сәтбаевтықтарға өз құқығын қорғауды үйретеміз, еңбек қатынастарынан туындайтын дау-дамайды шешу жолы, ана мен бала құқығының қорғалуы, адам саудасын болдырмау секілді мәселелер көтеріледі, – деді Т.Әбішев.

Светлана Жаркенова, Зульфия Байсақова, Анна Чакерхан секілді комиссия мүшелері мен сарапшылары адам құқығы мен бостандығы туралы ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы да айтып берді. Шара барысында тыңдаушылар БҰҰ адам құқықтары саласындағы бақылау функцияларымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға қатысты БҰҰ құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты. БҰҰ-ның тиісті комитеттерінде азаматтардың жеке шағымдарын қарау тетігін талқылады.

– Өткен он жылдықпен салыстырғанда тұрғындарымыз әлдеқайда көзі ашық деп топшылауға болады. Дегенмен, Еңбек жөңіндегі заңнамаларымыз сынды көптеген заңнамалардың уақыт талабымен жаңартылып отыруына байланысты, бірқатар түсінбеушілік те туындап жататыны белгілі. Себебі, еліміздің кәмелеттік жасқа толған кез келген азаматы қызметке, белгілі бір жұмыс орнына орналасуға талпынады. Сондықтан, отандастарымыз өз еңбек құқығын қорғай білуі үшін түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізілуі тиіс. Осы күні еліміздің жұмыс берушілері арасында қызметкерлерін жынысына қарай кемсіту мәселесі жиі қозғалады деп айтпас едім. Жүкті әйелдердің қызметіне де барынша мұқият қарауға тырысады. Өкінішке орай, келісу комиссиясының қызметіне қатысты көп мәселе көтеріледі. Яғни, еңбек құқығын қорғау, еңбек даудамайларын қарастыру процестерінде түсінбеушіліктер орын алады. Себебі, еліміздегі жаңа Еңбек қатынастары жөніндегі Заңға сәйкес, келісу комиссиясын құру кезінде бірқатар қиындықтар туындайды. Өйткені, ол комиссияны құру, құрылған комиссия жұмысын үйлестіру мәселелерін көп азаматтар біле бермейді. Сондықтан, осы тұрғыда біз бүгін барынша көбірек айтуға тырысамыз. Яғни, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелесіне барынша назар аударатын боламыз, – деген Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Светлана Жаркенова тәжірибесімен бөлісіп, пікірін ортаға салды.

Шарада Қазақстан Республикасындағы адам құқығын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі жан-жақты пысықталды. Адам құқығы жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы қаралды.

Сондай-ақ, Елбасының жаңа Жолдауы, оларды іске асыру тетіктері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғыртудың ережелері егжей-тегжейлі талқыланды.

М.АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.