Әкім есебі тыңдалды

Өткен аптада Сәтбаев қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Халық қалаулылары күн тәртібіне сәйкес шаһар басшысы Асқар Ыдырысовтың өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебіне құлақ түріп, бірқатар атқарылған жұмыстар төңірегіндегі маңызды мәселелерге назар аударды.

Кезекті 51-інші сессияны отырыс төрағасы Қиясбек Әділбаев жүргізіп, күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталды. Жиында алдымен қала әкімі Асқар Ыдырысов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған есебін ұсынды. Оған сәйкес, шаһардың негізгі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда біршама артқан. Мәселен, 6 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,4 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 16,3 млрд теңгеге өскен. Асқар Абылайұлы инвестициялық белсенділіктің өсуі экономикалық салалардың дамуымен байланысты екендігін айтып, құйылған қаржының негізгі үлесі өнеркәсіп пен құрылысқа бөлінгенін еске салды.

Шағын және орта бизнес саласында да қалада айтарлықтай өсім байқалады. Бүгінде тіркелген бизнес өкілдерінің саны 2886-ны құрап, 6 пайызға өскен. Қала бюджетінің кіріс бөлігі 1 млрд 746 млн теңгемен толығып, жоспар толықтай орындалған.

– Қала экономикасының тұрақтылығы, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы, халық тұрмысының жақсаруы – туу көрсеткішінің ұлғаюы мен адамдардың қаламызға қоныс аударуына әкелді. Олай дейтініміз, қала халқының саны 70 мыңнан асты. Осы жарты жылда 100 адам қосылып, халық саны 70 мың 121 адамды құрады.

Қала экономикасының қозғаушы күші кәсіпкерлік секторы екендігін білесіздер. Бүгінде бизнес өкілдерінің саны артып, өз кәсібін жүргізуге барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. Қазіргі таңда ірі көлемдегі 18 инвестициялық жобаны іске асыруды қолға алдық. Соның арқасында жаңадан 260 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік аламыз. Ауқымды жобалардың ішінде «ULYTAU MALL» сауда үйін кеңейту, некелесу сарайы мен мейрамхананың құрылысы, қалалық автобекетке қарама-қарсы орналасқан сауда нысанының құрылысы, «Жас тілек» мәдени-сауықтыру кешенінің құрылысы, көкөніс сақтайтын жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру жоспарда бар, – деді қала басшысы.

Депутаттар назарына ұсынылған есепте сондай-ақ, қаланы абаттандыру мәселелері қозғалып, олардың оң шешімін тауып келе жатқандығы айтылды. Бүгінде 3-інші ықшамауданда аулаішілік және жолдарды көлік қоятын орындармен кеңейтумен асфальттау толықтай аяқталса, дәл осындай жұмыстар 7 ықшамауданда аяқталудың алдында тұр. Әкім алдағы жылы төртінші және бесінші ықшамауданда абаттандыру жоспарланып қойғанын жеткізді.

Қоқыс жәшіктерін евроконтейнерлерге ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта бірінші және екінші ықшамаудандарда жаңа жәшіктердің 175-і орнатылды. Көшелерді жарықтандыруда жарық шамдары Сәтбаев даңғылы, Наурыз, Ерден, Құсайынов көшелерінде жарықдиодты шамдарға айырбасталды.

– Қаланы көгалдандыруда есептік кезеңге сәйкес 2100 көшет отырғызылды, оларды суару жүйесі қалпына келітірілді. Сәтбаев сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнының коммуналдық желілерді жөндеуге бөлетін инвестициясы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, биылғы жылы 29 шақырымды құрайтын желілер кәсіпорын қаржысымен қайта қалпына келтірілуде, – деді Асқар Абылайұлы.
Әкім әлеуметтік саланың әлеуетіне де тоқталды. Білім саласында едәуір өзгерістер орын алған. Қала мектептеріндегі білім сапасы артқан. Балабақша кезегін азайту мақсатында биыл 50 орындық жекеменшік балабақша салынып, қолданысқа берілді. Ендігі кезекте тағы 320 орынға шақталған балабақша құрылысын бастау жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласында да халық игілігі үшін ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, орталық емхана қаралушыларының медициналық көмекті жедел алуы үшін жақын арада Медициналық орталықта екі медициналық учаске ашылады. Жедел жәрдем бригадасы орталық емханаға көшіріліп, төртінші дәрежедегі шақыртуға қызмет ететін бригада жасақталған. Жыл соңына дейін бригада қосымша 3 жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілмек.
Асқар Ыдырысов халық қалаулыларына жұмыспен қамту, спорт, мәдениет, қоғамдық тәртіп салаларындағы елеулі өзгерістерге тоқталып, депутаттарға алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасай беретіндігіне сенім білдірді.

Өз кезегінде депутаттар қала басшысына бірқатар сауал жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, мәслихат депутаты Шолпан Мұхамедғалиева жас мамандарды үймен және көтерме жәрдемақымен қамтамасыз ету мәселесін көтерсе, мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук жергілікті мекеме басшыларына жолдаған депутаттық сауалға толыққанды жауап берілмейтінін ескертіп, қолғабыс етуді сұрады. Ал, Иманбай Бралин қала басшысының атқарған жұмысына оң баға беріп, шаһарды одан әрі дамытуға белсенділік танытатынын жеткізді.

Сессияда, сондай-ақ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысы туралы есебі, әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Сессия соңында келесі кезекті сессияның төрағасы тағайындалды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.