Тіл – достықтың мекені

Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ендеше, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін атап өту орынды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында қалалық білім бөлімінің әдіскерлері мен №15 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен мектебімізде «Білгенге – маржан» қалалық білім сайысы өткізілді. Оған қала мектептерінің 6-7 сыныптарында оқитын өзге ұлт өкілдері мен олардың қазақ тілі пәні мұғалімдері, тіл жанашырлары қатысты.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау, тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасын үлгі етуді мақсат еткен сайыс жоғары деңгейде өтті.

Байқау шарты бойынша оқушылар жаңартылған білім беру үрдісі негізінде тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым тілдік дағдыларын ескере отырып, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы қазақ тілінде өз білімдерін ортаға салды.

Сайыс барысында Ахмет Байтұрсыновтың бір шығармасын 2 рет мұқият тыңдап, 10 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындады.
Челлендж форматында өткен оқылым бөлімінде қатысушылар ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының өлеңдерін кезекпен мәнерлеп жатқа оқыды.

Жазылым бөлімінде әр топ өздеріне берілген мақал-мәтелдердің жалғасын тауып жазды. Ал, айтылым бөлімінде топтар жасырылған тақырыптар бойынша диалогке түсті.

Сайыс соңында қалалық білім бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғапова сөз алып, қатысқан оқушылар мен оларды дайындаған қазақ тілі пәні мұғалімдеріне өз алғысын білдірді, Алғыс хат табыстап, бағалы сыйлықтар таратты.

Қалдыгүл ЕСМАҒАНБЕТОВА,
№15 жалпы орта білім
беретін мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.