Үй ішінен үй тікпейік

Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен (адамгершіліктеріңмен) есептеледі» – делінген. (Хужурат сүресі, 13-аят).

Ислам діні ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалықпен ғана, моралдік, адами қасиеттерімен ғана дәрежелері бірінен-бірі жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді.

Тәуелсіз елміз. Дегенмен, руханиятқа шөліркеген күйдеміз. Халық имандылыққа қарай ұйыған. Күн өткен сайын асыл дініміз исламға бет бұрып, мешітке келушілер көбейіп, намазға жығылушылар санының артуы қуантарлық. Алайда, бәз біреулер үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел-жұрттың арасында ірткі салып, Касиетті Құран мен хадистерге кайшы ic-әрекеттері арқылы ислам білімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүргендер де жоқ емес.

Бұрынғы тауқыметіміз аздай оған енді әртүрлі бағыттағы түрлі мақсаттағы мүдделерді көздеген, саңырауқұлақтай қаптаған діни ағымдардың қандастарымызды өз қатарына қосып жатқандығын көз алдыңызға елестетіңіз. Бүгінгі таңда қаншама қаракөздеріміздің өзге діннің етегінен ұстауы қазақтың бірлігіне, болашағына қатер емес пе? Жұмыссыздықты, тіршіліктегі аздаған қиындықтарды желеу етіп, өзге дінге өте салу жігерсіздік пен рухсыздық емес пе?!

Бірлік — ынтымаққа, ал, ынтымақ — ырысқа жеткізетіндігін біле тұра ұлттық мүддемізге керағар әрекет жасайтындығымыз тым ерсі, әрі кешірілмес күнә. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздігі баянды, ынтымағы жарасқан іргелі ел болуы — діні Ислам, мұсылман қазақ ұлтына ғана қажеттігі басы ашық әңгіме.

Бірлік пен ынтымақ айтуға жеңіл болғанмен өте нәзік, өте күрделі мәселе. Осы жағдайды арыдан ойлаған арлы, ойлы дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің «бір дін, бір мазхаб» деген жанайқайына бей-жай қарамайық. Өте орынды айтылған сөз. Мұсылман халқын ынтымақ пен бірлікке шақырған жанайқайы бұл.

Кезінде ұлы Абай да ұлтымыздың жақсылығын айтып қана қоймай, оның жалқаулығын, көрсеқызарлығын, көреалмаушылығын, өсекшіл, мансапқорлығын жер-жебіріне жеткізіп сынаған-ды. Елдің ынтымағы мен бірлігін бәрінен жоғары қойған дана Абай кей замандастарына «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деп налыған.

Еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қандай да бір діни мәселеде бас-басына би болу емес, жүгінетін орын — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және діни басқарманың жергілікті жердегі өкілетті имамдары бар. Міне, өзгеге емес, өзіміздің арамыздағы имамдарға, олардан жауап болмаса, діни басқармаға жүгіну керек.

Бүгінгі күнде қаптап бара жатқан не тарихы, не тамыры жоқ күмәнді діни ағымдардан қауіптеніп іш тартып отырған жайымыз бар. «Бөлінгенді бөрі жейтіндігін» білсек те, айрандай ұйып отырған елдің ынтымағына көлеңке түссе, қарапайым халыққа не қайыр.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде, амандық дінін амандықпен, тыныштықты уағыздайтын дінді тыныштықпен, бейбіт дінді бейбіт жолмен жеткізе білу.

Ислам — зорлыққа шақырмайтын дін екені ежелден жалпыға мәлім. Керісінше, Ислам мұсылмандарға да, мұсылман еместерге де қарсы келетін, зорлық-зомбылықтың, лаңкестіктің барлық түрлерін қолдамайды. Дініміз барлық адамзатты бейбітшілікке, достыққа, әділеттілікке шақырады.

Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Аллаһтың біздерге нәсіп еткен тыныштығына шүкір етейік.

Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітінің Бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов.

Комментарии закрыты.