Жалпыхалықтық диктант өтті

Аптаның басында қаламызда латын әліпбиіне негізделген жалпыхалықтық диктант өтті. Республиканың барлық өңірін қамтыған акциядан біздің қала да шет қалған жоқ. Қаламыздың барлық колледждерінде және орта оқу орындарында, мектепке дейінгі мекемелерде мектеп оқушылары, студенттері, ұстаздары, сонымен қатар мәдениет, спорт, медицина, коммуналдық шаруашылық, энергетика және басқа да салалардың қызметкерлеріне жаппай диктант өткізілді.

Жалпы, акция Президент жарлығымен қабылданған жаңа латын әліпбиі негізінде өтті. Диктантты жазу туралы алдын ала ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, дидактикалық материалдар таратылды.

Жалпыхалықтық диктант жазуға қалалық полиция қызметкерлері де бесенділік танытты. Қырық жеті қызметкер диктант жазған шараны Сәтбаев қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина жүргізді. Ол тыңдаушыларды латын негізінде қазақ әліпбиімен, әсіресе, төл дыбыстардың жазылуымен таныстырды. Диктант «Бәсекелестік қабілет» тақырыбында жазылды. Бекітілген диктант мәтіні 95 сөзден құрылып, ұзақтығы 30 минутқа созылды. Сондай-ақ, диктант арнайы белгіленген орындарда жүргізілді.

Жаңа әліпбимен алғаш рет диктант жазғандардың айтуынша, бұл еш қиындық туғызбаған. Диктанттың ерекшелігі – барлық азаматтар өз еркімен қатыса алды. Халық тек практикалық тұрғыда сезінгенде ғана алдында тұрған қазақ әліпбиінің маңыздылығын түсінеді.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.