Шығармашылық шыңдау – басты бағыт

Баланың шығармашылық қабілетін дамыту, өнерге баулу – оның танымын кеңейтіп, дарынын байқаудың бірден бір жолы. Сондықтан, жастайынан шығармашылыққа бейімдеуде сан түрлі үйірмелер көмекке келеді. Бүгінде талай дарын мен таланттарды танып, қиялын шыңдаған Оқушылар сарайы осы мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келеді. Өткен аптада қалалық мәслихат депутаттары сол іргелі өнер ордасында болып, тәрбиеленушілердің талабына тәнті болып қайтты.

Халық қалаулыларына алдымен мекеме басшысы Әсем Абдраймова толық түсінік бере кетіп, өнер ордасында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстырды. Бүгінде Оқушылар сарайы қала әкімдігінің қолдауымен жұмыс жасап келе жатқан мәдениет пен білімнің ордасы. Мұнда «Жасұлан» балалар мен жасөпірімдер ұйымымен қоса есептегенде 3676 бала 35 үйірмеде тәрбиеленуде. Келушілердің жас аралығында шектеу жоқ. Әр үйірмеде 4 пен 18 жас аралығындағы жастар білім алады. Бала санын көбейтуді мақсат еткен мекеме биылғы жылдан бастап инструменталды бөлімде қобыз және флейта аспаптарына қызығушылық танытқан балаларды үйретуге кірісті. Білікті мамандар тартылып, тәрбиеленушілердің шығармашылық қарым-қабілеттін арттыруда. Ұжым ерекшелігі бар балаларды да назардан тыс қалдырмай келеді. Мәселен, «Сурет өнері» үйірмесінде инклюзивті білім беру жүзеге асырылуда. Осыған орай ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Біз өзгеміз, біз біргеміз» атты кең көлемде қалалық семинар өткізу жоспарлануда.

«Экоәлем» атты үйірме балалардың қызығушылығын арттырумен іске асуда. Биылдан бастап бөлімге қоян, тасбақа, тотықұс секілді жан-жануарлар алынып, тәрбиеленушілердің ынта-ықыластарын өзіне аударған. Яғни, үйірме арқылы табиғатты аялауға, ондағы тіршілік иелеріне мейіріммен қарауға үндейді.

Тіл білудің артықшылықтары айқындалған заманда қосымша тіл меңгерту де білім ордасының басым бағыттарының қатарында. Осыған дейін «Ағылшын тілі» үйірмесі тек қазақ бөлімінде ғана қолға алынып келсе, биылдан бастап орыс бөлімі өз жұмысын жандандыра бастады. Ал, әлеуметтік жағынан осал топтар, әл-ауқаты төмен отбасы балаларына іргелі мектепте шығармашылығын жетілдіруге жеңілдіктер қарастырылған.

– Бүгінде жалпы үйірмелердегі 1600 баланың 521-і жеңілдіктерді пайдалануда. Мәселен, көпбалалы отбасы балалары үйірме құнының жартысын төлеп білімін жетілдірсе, асыраушысынан айырылған және мүгедек санатындағы балалар тегін оқытылады, – деді Әсем Қабденқызы.

Депутаттар бақылау барысында өнер ордасының материалдық базамен жарақтандырылуын тексеріп, жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілуіне баса мән берді. Халық қалаулылары сондай-ақ, білім мекемесіне қарасты «Нұр», «Сарыарқа», «Тұлпар» аула клубтарының хал-ахуалымен танысты.

Қысқа қамданыс қадағалануда

Депутаттар жылу маусымына дайындық барысын басты назарда ұстап келеді. Апта басында халық қалаулылары бірқатар коммуналдық учаскелерде болып, жылу әзірлігін «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы өкілдерімен бірге пысықтады.

Мәслихат депутаттары кезекті тексерісті «Сәт-Тазалық» ЖШС қарасты №4 және №1 учаскелердің тұрғын үйлерінде болып, жертөлелердегі есеп құралы мен басқару торабын бақылады. №4 учаске барлығы 50 үйге қызмет көрсетеді. Участок төрайымы жылу маусымына барлық үйлердің әзір екендігін жеткізді.

– Жаз айларында учаскеге қарасты үйлерде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір қысқа әзірлік қалыпты деңгейде. Құбырларды тазарту-шаю жұмыстары атқарылуда. Былтырғы жылы анықталған олқылықтар жойылды. Кетеуі кеткен бұрандалар ауыстырылды, – деді депутаттарға Жанат Атанаева.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.