Ұрпаққа ұлағатты ой тастады

Биылғы жылдағы айшықты шаралардың бірі де бірегейі – Сәтбаев қаласының 46 жылдық мерейтойы өткен аптаның соңында жоғары деңгейде аталып өтті. Торқалы тойдың шымылдығы Кеншілер алаңында «Ұлы дала мұрагерлері» форумымен ашылды.

Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін таратуға бағытталып, асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді арттыру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шара ұстаздар мен оқушылардың, ата-аналардың басын қосты. Онда туған жерді аялау, атамекенді қастерлеуге мән берілді.

Жаңа сапалы білім беруге ауысудағы маңызды қадам қаланың барлық білім ордаларында НЗМ-нің тәжірибесін тарату болып табылады. Мектептер арасында байланысты нығайтуға бағытталған инновациялық форумда оқушылар ғылыми жәрмеңкелерді, шығармашылық алаңдарды, ашық лабораторияларды ұсынды. Мұндағы мақсат – Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі білім беру саясатының іс-тәжірибесін тарату, шараға қатысушылар үшін жаңартылған білім беру моделінің ерекшеліктерін, баланың сыни ойлау дағдыларын дамыту сынды негізгі қағидаларды кең ауқымда таныстыру болатын.

Алаңда жағалай тігілген киіз үйлерде салт-дәстүрлеріміз жаңғыртылып, ұлттық тағам түрлерінен, жас қылқалам және қолөнер шеберлерінің шығармашылығынан көрме өткізілді. Қала атын ұлықтап, патриотизмді дәріптеу, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға сырлы бояуға жаны құмар көрермендер де атсалысты. Асқан шеберлікпен салынған портреттер, кеншілер шаһарының көркем көріністері назарға ұсынылды. Қаз-қатар ілінген картиналар әр кезеңнен сыр шертіп, тарихты қозғағандай болды. Көрмеге химия, биология, физика, математика сынды ғылымдарды игеруде арнайы жобаларды жасақтап отырған балалардың жұмысы қойылды. Сондай-ақ, саз және қыштан бұйымдар жасау, тоқыма және тігін шеберханасы, ағаш-металл және пластик материалдармен жұмыс, бейнелеу, киіз және жүн өнімдерінен дайындалған заттар ұсынылды.

Қала әкімі Асқар Ыдырысов бастаған бір топ зиялы қауым ұрпаққа ұлағатты ой тастаған шараға арнайы қатысып, бәсекеге қабілетті әрі ел экономикасын әртараптандыруға жаңашылдық әкелетін жастарға сәттілік тіледі.

– Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша Отан деген ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай. Осы арқылы жастарымыздың ел мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға атсалысуы шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі болмақ. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, түрлі ұлыстың басын қосқан Сәтбаев қаласы ырыс пен несібенің шаңырағына айналуда. Қаламыз өсіп-өркендей берсін! – деп ақжарма тілегін жеткізді қала тұрғыны Гүлбану Қоңырова.

Жоба аясында оқушылар туыстық қарым-қатынас жасау үлгісін көрсетті. Себебі, осы арқылы олар еңбек дағдыларын үйренеді, тілін жетілдіріп, тұрмыстық қиындықтарды жеңу жолдарын меңгереді. Осы ретте С.Сейфуллин атындағы гимназияның 9 сынып оқушысы Дарья Исайкина қызықты жобасын ұсынды. Ол жаз айларында ата-анасымен саяжайда демала жүріп, қара жұмысқа төселгендігін, балапандарға күтім жасап, бау-бақшаны баптағандығын, тосап түрлерін қайнатып үйренгендігін, әкесімен бірге монша құрылысына қатысқандығын бейнебаян арқылы баяндап берді.

Ұлттық спорттық ойындардың жастарға тигізетін тәрбиелік мәні орасан зор. Дене тәрбиесінің баға жетпес құралы болып саналатын бұл ойын түрлері тапқырлықты, табандылықты тағы басқа мінез ерекшеліктерін қалыптастырады. Балалар денесін шынықтырып қана қоймай рухани жағынан өсіреді, ой-өрісін кеңейтеді. Бұл күні рухани-адамгершілік тәрбие беретін ұлттық спорт ойындарының да маңызы арта түсті. Батылдық пен ептілікке бағыттайтын асық ату, ләңгі тебу, арқан тартудан сайыс қыза түсті.

«Ұлы дала мұрагерлерінің» шығармашылық есебіне арналған гала-концерт А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналды. Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайының сахнасында балалар өнер мектебінің скрипкашылар және қобызшылар ансамблі, хореография, домбыра, актер шеберлігі үйірмесінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай атамыздың шығармашылығы туралы театрландырылған қойылымды С.Сейфуллин атындағы гимназия өнерпаздары сәтті сомдап шықты. «Сегізаяқ», «Туғызған ата-ана жоқ», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалып, қара сөздеріне кезек берілді. №19 мектеп-лицейінің, №1 мектеп-гимназиясының хор орындаушылары патриоттық әндерді шарықтатып, көрермендердің шынайы ықыласына бөленді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің десанттары мен «Ұлы дала мұрагерлерінің» шығармашылық есебі жоғары көңіл-күй сыйлап, рухани сілкініс жасағандай болды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.