Инабатты келіндер

Халқымыздың атадан балаға қалдырған халықтық педагогикасында, ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесінде ене, келін сабақтастығын жалғастыру, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, ұлттық тәрбие ерекшеліктерін терең білу және оны насихаттау қазіргі таңда ұлттылығымызды білдіретін басты мәселе болып отыр. Біздің №10-шы мектебімізде 8 наурыз мерекесіне арналып «Ақжүніс» ата-аналар отауының ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауға бағытталған «Ибалы келін» сайысы өтті.

Сайысқа «Ақжүніс» ата-аналар отауының белді мүшесі, ардақты ана Ахметова Аманкүл апай, Жезқазған поселкелік әкімшілігінің аға инспекторы Көбенова Орынтай апай және мектеп басшысы Баймағанбетов Сапар қазылық етті.

Сайысқа қатысушы келіндер «Өнегелі отбасының келінімін» кезеңінде өздерін таныстырса, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» кезеңінде қайын ата, қайын аға, қайын апаларының есімдерін атауда тығырықтан шығып, өздерінің қаншалықты тапқыр екендерін көрсетті. Мысалы, Серкебайды «Қойбастар қайнаға», Ақжібекті «Тазажіп апа», Тоқсанды «Сан апа», Итбайды «Қабаған» деу арқылы берілген жағдаяттардан шықты. «Ұқыпты, епті келінмін» кезеңінде келіндер қамыр жаюдан өз шеберліктерін көрсетсе, «Дәстүріміз жаңғырсын» кезеңінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан, яғни «Бесікке салу», «Нәрестеге ат қою», «Келін түсіру», «Қырқынан шығару», «Тұсаукесер», «Тоқымқағардан» көрініс көрсетті. «Ас – адамның арқауы» кезеңінде келіндерге үй жұмысы ретінде ұлттық тағам дайындау беріліпті. Осы сайыс барысында мен өзім білмейтін әсіп, сірне, сілікпе атты тағамдардың жасалу жолдарымен таныстым.

Сайыстың соңғы кезеңі «Мен өнерлі келінмін» деп аталды. Бұл кезеңде сайыскерлер әнші, шебер екендерін дәлелдеді. Қазылар алқасының шешімімен Сүлейменова Мереке III, Жармедетова Жазира II, Найманбаева Мадина I орынға ие болса, Маханбетова Қарлығаш сайыстың бас жүлдесі «Ибалы келін» атағына ие болды. Барлық сайыскерлер «Ақжүніс» ата-аналар отауының мадақтамаларымен, мектеп ұжымының сыйлықтарымен марапатталды.

– Келіндеріміз өздерінің инабатты да өнерлі екендерін дәлелдеді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратындарына сенімдімін. Әсіресе, Қарлығаш келінімнің азан шақырып ат қою рәсімі ұнады. Бұл жас ұрпақты имандылыққа да тәрбиелейді, – дейді қазылар алқасының мүшесі Аманкүл апай.

А.Шахманова, кітапханашы.

Комментарии закрыты.