Екі жақсы қосылса…

«Отбасын қолдау институтының» ұжымы Сәтбаев қаласының 46 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген Сатыбалды Серікбайұлы мен Шәмшия Жарасбайқызының «Гауһар тойының» куәгері болдық. Жарты ғасырдан артық бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, үбірлі-шүбірлі болып отырған жандармен кездесу біз үшін үлкен мәні бар кеш болды. Жастары сексеннен асып кетсе де ширақ та көңілді, әзілқой ата-әжеміздің отбасындағы кездесу бізді рухани азықтандырып, жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатты. Ия, біз қазақтың қариялары, алтын қазыналары қандай керемет еді деген мақтаныш сезіміне бөлендік. Өмірлерінен көптеген мысалдар мен бастан кешкен оқиғаларын айтқанда, кейде қобалжып, кейде көзімізге жас алып отырдық.

Атамыз он екі жасында әкесінен айырылып еңбекке ерте араласқан жан екен. Он алты жасынан жұмысқа кіріп, зейнетке шыққанша еліне адал еңбек етіп, маңдай терімен отбасын асырап, бала-шағасын жеткізген. Сатыбалды атаның дүниеге келуінің өзі бір тарих.

– Қазақ зиялыларының жаппай қуғын-сүргінге ұшырап жатқан кезеңі. Мен дүние есігін ашқан кезде қазақтың біртуар азаматы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин ату жазасына кесіліп, дүниеден өткен екен. Сол кезде үлкендер «Сәкеннің орнына келген Сәкен болсын» – деген ырыммен Сәкен деп атаған екен. Бүгінде менің азан шақырып қойылған атымды біреу білсе, біреу білмейді. Ел іші Сәкен деп таниды, – дейді ата сол бір ауыр жылдарды күрсіне отырып есіне алып.

Жоқшылыққа да, қиындыққа да мойымай еңбекті сүйе білген, өмірінің мәніне айналдыра алған. Үлгілі ата-ана, қазынадай өмір жолы бар қарияларымыздың бүгін немере-шөбересінің ортасында арқа-жарқа болып отырғаны шын бақыт емес пе!

Сәкен атаның қазақ елінде болып жатқан жаңалықтардан да хабардар болып, халқымыздың болашағына аса мән беретіндігі көрініп тұр. Сөз арасында «Жаңа президентіміздің айтып жатқан жоспарының бәрі дұрыс, енді сол жүзеге асса Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға ризамыз» дейді атамыз.

Сәкен атамыз ана тілімізге, аудармалар мен терминологияға да бей-жай қарамайтындығын аңғартып қалды.

– Мен ана теледидардан қарап отырып, қазақ тілінің аудармасы туралы ойланамын. Баланың жейтін «кашасын» «ботқа» деп аудармалап жүр. Негізі қазақта балаға беретін, үлкен кісілерге беретін жұмсақ тағам болған, ол бізге басқа халықтан келген жоқ. Бізде оны «бөкпен» немесе «быламық» дейді. Ал, ботқа деген тағам қалдықтарын араластырып, жануарларға, итке беретін тамақты айтады, – дейді назалы үнмен. Міне, қазақ «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған ғой.

Сатыбалды атаның кеншілік еңбек жолы да қызықтарға толы. Соның бірін ата былайша әңгімелеп берді.

– Ол кезде бір бригадаға басшы (сменный мастер) болып жүрген кезім, шет елдік жаңа техникалар әкелінді. Әлгіні жөндейік десек барлық ақпараты басқа тілде жазылған, тіпті, қай тілде жазылғанын да білмейміз. Бірақ, жұмысты орындау керек, техниканы іске қосу керек. Амал жоқ, жігіттерге «түгелдей бұзайық» дедім. Олар ренжиді, «жап-жаңа дүниені неге бұзамыз» дегендері ғой. Содан бұзып, қай сайманның қалай жұмыс істейтінін көзімізбен көріп, қайыра жинап, іске қостық. Сөйтіп тілін түсінбесек те, техникаларды өз ырқымызға көндіріп алғанымыз бар. Бұл тәжірибе бізге өмірлік азық болды, – дейді атай жымиып. Қазір дамыған заманда, анау жоқ, мынау жоқ деген сылтау іздеп, жұмыстағы жауапкершіліктен қашқақтап жүретін жастарға осындай кісілердің қасиеті дарыса шіркін…

«Бала өскенше қолыңа қарайды, өскен соң жолыңа қарайды» дейді халық. Бүгінгі күні бес баладан он немере, он екі шөбере сүйіп отырған шаңырақ иелерінің жылдар бойғы сыйластығы жан жылытарлық. Отбасындағы тәлім-тәрбие әр қимыл-әрекеттерінен көрініп тұрған атамыз бен әжемізден көз тайдыра алмадық. Шәмшия апамыз отағасы сөзін аяқтап болғанша, бір сөз қоспады. Атамыз сөйлеп болғаннан кейін ғана әдеппен жастарға өз ақылын айтып өтті.

– Біз шаңырақ көтергенде жиырма жаста ғана едік. Екеуміз де жұмыс істейміз. Мен есепші, аталарың кенші. Бес баламыз дүниеге келді бірінен кейін бірі, және екі қайын сіңілім бар, олар да бала. Әкеден ерте айырылғаннан кейін бәріне қамқор осы Сәкен аталарың болды. Балаларымды бағып, тәрбиелеуге енем көмектесті. Шіркін, керемет ақылшы, жанашыр жан еді. Жасы жүзге жеткенше жанымызда болды. Ол кісіге алғысымыз шексіз. Қиын кезді де, жоқшылықты да басымыздан өткердік. Мына отырған үйді де аталарың өз қолымен тұрғызған. Негізі үкіметтен үй берілу керек еді, біздің тізім жақындағанда Сәкен «бізден гөрі басқа жандарға керегірек, солар алсын» дейді де, кейін шегінеді. Сонымен, бала-шағаның басы бар, үй салуға кірісті. Қазір ғой ол, үй соғу оңай… Ал, біздің осы үйді соғуға жеті жыл уақытымыз кетті. Міне, қазір сол шаңырақта балаларымыздың қызығына бөленіп отырмыз. 60 жыл отасқанда ажырасу дегенді ойыма да алған емеспін. Екі адам бір бірін түсінсе, сыйласа ешқандай да қиындық қорқынышты емес. Ер адам аман болса, барлық жоқ түгенделеді, жарты бүтінделеді, – деп апамыз әңгімесін аяқтады.

Әжеміздің әсерлі әңгімесінен «қазақтың салты мен санасын жылдар бойы сақтай алған, ер азаматының беделін көтере білген аналарымыз қандай батыр да бақытты еді» деген ой түйдім.

Айнаш Бегім.

Комментарии закрыты.