Келелі мәселелер шешімін табуы тиіс

Апта басында қалалық әкімшіліктің үлкен залында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселелер кеңес мүшелерінің талқысына түсіп, оларды оңтайлы шешу жолдары ұсынылды.

Жиында бұған дейін өткен отырыстарда қаланың абаттандырылуы мен көгалдандырылуына қатысты қаралған сұрақтардың орындалысы бойынша қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Кәмшат Күнеділованың баяндамасы тыңдалды. Еске сала кетсек, осы саладағы мәселелерді шешу турасында алдыңғы жиындарда кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарды айтқан еді. Сол ұсыныстар қатарында суару құбырлары жүргізілген аумақтарда арықтарды қайта қазу, қурап қалған ағаштар мен жұлынған шөптерді уақытылы жинау, зиянкестерден сақтау үшін жасыл желектерді қайта өңдеу секілді мәселелер көтерілген болатын. Бөлім басшысы бұл жағдайлардың барлығы бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Жауапты маман мердігер компаниялардың сол олқылықтардың орнын толтырып отырғандығын жеткізді.

– Рейд барысында 3 және 7-інші ықшамауданды араладық. Жолдар кеңейтілгенімен, ондағы ескі құрылыс қоқыстары қайта алынған жоқ. Тіпті жиектастар орнатылғаннан кейін топырақ төселмеді. Мұның барлығы қала көркін бұзып отыр, – деді кеңес төрайымы Марал Мәдиева.

Кәмшат Шахмаранқызы бұл жағдайдан толық хабардар екенін жеткізіп, жолдарды қалпына келтіруге мердігер компаниялар атсалысып жатқанын айтты. Қазіргі таңда үшінші ықшамаудан аумағы қалыпқа келтіріліп жатса, жетінші ықшамауданда жұмыс енді басталатынын мәлімдеді.

– Мақұл, жұмыстар атқарылып жатыр. Шаталюк көшесінің жолдары салынды дейік. Алайда бұл жолмен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салу керек. Ертең жол апатты жағдайға түспес үшін қазірден қамдануымыз қажет. Бұдан бөлек, бұл аймаққа жол белгілері қашан орнатылады. Қанша бала өтеді сол жолдардан. Оқыс оқиғалар орын алуын күтіп жүрсіздер ме? – деп қатал сынға алды кеңес мүшесі Әбулаис Молақов.

Кәмшат Күнеділова аталған аймақта жол белгілерін орнату жұмыстары жақында басталғанын ескертті.

Жиын барысында сондай-ақ, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту және сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы қалалық жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәнекеева баяндаса, қалалық әкім аппаратының бөлім басшысы Наиль Салихов «Сайлау учаскелерін құру туралы» шешімге өзгерістер енгізу туралы жобамен таныстырды.

Әли МҰҢАЙТПАС.

Комментарии закрыты.