1000-ыншы баланың мерекесі

Сәтбаев қаласының 46 жылдық мерейтойы қарсаңында шаһарымызда биылғы жылдың 1000-ыншы сәбиі дүние есігін ашты. Қалалық перзентханада туған нәрестенің мерейлі сәті салтанатқа ұласты. Шаһарымыздың әкімшілік өкілдері Аяшовтар отбасын айтулы күнмен құттықтай барып, туу туралы куәлікті табыстады.

Қуанышқа кенелген Аяшевтар отбасы үшін кішкентай Софияның қала күні қарсаңында дүниеге келуі тосын жағдай болды. Осымен төртінші қызын дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанған Ботагөз Смағұлова мыңыншы ретпен босанғанын ойламаса керек. Сәрсенбі күні баласын бауырына басқан бақытты сәті мерейлі мыңыншы болып тіркелген сәбидің іңгәсіне бөлеген.

– Ырымшыл халықпыз ғой. Кез келген жағдайды жақсылыққа жоримыз. Бастысы, баламның амандығы, денінің саулығы. Дүйім жұрттың ақ тілегін арқалап, лебізін жаудырып жатқанына алғысым шексіз. Перзентхана ұжымына да шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді сәбидің анасы.

Мыңыншы тұрғынды тіркеу қалалық перзентханада салтанатты жағдайда өтті. АХАТ бөлімінің басшысы Алмаш Алимбаева ата-анаға туу туралы мемлекеттік куәлікті табыстады. Ал, қалалық әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева және Достық үйі директорының орынбасары, отбасын қолдау институтының төрайымы Жанар Айсинова кішкене бөбектің елінің үлкен азаматы болсын деген ақжарма тілектерін жеткізіп, сый-сияпат жасады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.