Мерекедегі сыйлық

Халықаралық əйелдер күнінде қала əкімі Батырлан Ахметов қалалық перзентханаға барып, сол күні дүниеге алтыншы баласын əкелген Айжан Асылбекованы құттықтады.

Қала басшысымен бірге қала əкімінің орынбасары М.Мəдиева, «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дəрібаев жəне əлеуметтік сала бөлімінің басшысы Г.Таңсықбаева болды. Батырлан Ахметов жас ананы мерекесімен құттықтап, гүл шоғы мен сəбиге арналған жөргек жиынтығын, сондай-ақ, арнайы əкім сыйақысын табыс етті.

– Менің төрт қызым, бір ұлым бар, бұл – алтыншы балам. 4 келіден аса салмақпен туған ұлыма əжесі Бекзат деп ат қойды. Өзім «Жезқазғанэнергосбыт» кəсіпорнында жұмыс істеймін. Ал, əкесі Қанат Асылбеков кенші болып істеген, қазір денсаулығына байланысты үйде отыр. Айтулы мереке күні дүниеге келген бұл сəби – маған Алланың берген сыйлығы деп білдім. Осы мүмкіндігімді пайдаланып, барлық аналарды мерекелерімен құттықтаймын, – дейді Айжан.

Қалалық перзентханада жылдан жылға сəбилердің тууы көбейіп келеді. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларының ішінде дүниеге 215 нəресте келіпті. Былтырғы жылы барлығы 1190 бала дүниеге келген болса, оның 187-сі қаңтар-ақпанда туылған.

Аналар мерекесінде бейбіт елдің ақ көгершіні секілді дүние есігін ашқан періште ер жетіп, ата-анасының ғана емес, елінің мақтаныш етер адал азаматына айналсын!

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.