Сексендегі серпіліс

Ардагер ақсақал, шахматшы Әзірбек Молдағалиев жуырда Алматыда өткен Азия чемпионатында абыройлы өнер көрсетіп келді. Шатыраш шебері турнирге қатысушылар арасында жасы үлкен ойыншысы болса да, блиц-турнирде үшінші орынды қанжығасына байлап кенді қаланың атын әйгілеп келді.

Тарихы тереңге тартқан шахмат ойыны әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Ол адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, шығармашылық қабілетті арттырады, оқу дағдысын қалыптастырады. Әзірбек Молдағалиев шахматтың мұндай артықшылықтары барына бек сенімді. Өзінің сексен жылдық ғұмыр жолында шатыраштың тек шабыттандыра түскенін ауыз толтырып айтады. Шахмат шебері шәкірт те тәрбиелейді. Өзі де ел чемпионаттарында тартысқа түсіп, шаршы алаңда қарсыластарын шаң қаптыруға әуес. Жуырда ғана Алматы қаласында осымен оныншы мәрте ұйымдастырылған Азия чемпионатында да төбе көрсетіп, турнирдің ең ересек қатысушысы ретінде тіркелді.

– Жарысқа 27 елден басаяғы 70 адам қатысты. Олардың арасында әйгілі спорт шеберлері, әккі ойыншылар мен әуесқой шахматшылар бар. 50 жастан жоғары адамдар арасында өтетін бұл чемпионатқа дені елу мен жетпіс жас аралығындағы адамдар қатысты. Сексен жастан асқан мен ғана болдым. Бұл өзге қатысушылар алдында сый-құрмет белгісі ретінде қаралса да, маған үлкен жауапкершілік артты. Ойынның алғашқы бес турында әдемі ойын өрнегін көрсеттім. Кейін күніне қатарынан екі турдан өтті. Бір ойынның ұзақтығы төрт сағатты құрайды. Егде жастағы мен үшін бұл сөзсіз қиыншылық тудырды. Бұл жарысты тоқтатуға мәжбүр болдым, – дейді Әзірбек ата.

Алайда ардагер шахматшы мұнымен тоқтап қалмай, жарыс соңында өткізілетін блиц-турнирде барын салып бақты. Нәтижесінде үкілі үшінші орынға ие болды.Әзірбек ата мұнымен бұл спорттан ажырап қалуды әсте ойламайды. Керісінше кемеліне жетуді мақсат тұтады. Сексендегі қария алпысында белі бүкшиіп, қабағы түксиіп қалатындарды сынның астына алды. Ақсақалды атаның сөзінше, ерте қартаю деннің саулығына кері әсерін тигізеді. Мұндай жағдайға жетпес үшін тамақ режимін сақтап, жаяу жүрісті әдетке айналдыру керек. Өзі де осы қағидаттарды берік ұстанады. Сексеннің сеңгіріне шыққан Әзірбек ата жарыстарға қатысуға әрдайым әзір.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.