Мемлекеттік тілдің мәртебесі

Сәтбаев қалалық сотының судьясы Фатима Әбдіқадырова өткізген «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» дөңгелек үстелінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданылуы, сот қызметкерлерімен тілдің деңгейін дамыту жайы қозғалды.

Айтуынша, бүгінгі күні сотта ішкі, шығыс және кіріс құжаттары тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ішкі құжаттар, сот төрағасының өкімдері, сот жұмысы туралы жоспарлар, жедел кеңес хаттамалары, әр тоқсан сайын сот жұмысын қорытындылайтын анықтамалар мемлекеттік тілде жасалады. Шығыс құжаттары мемлекеттік тілде жолданып, бақылау тапсырмаларына мемлекеттік тілде жауаптар беріледі. Азаматтар қай тілде сотқа жүгінсе сол тілде (мәтіннің мемлекеттік тілдегі аудармасымен бірге) жауап беріледі. Кіріс құжаттары қай тілде сотқа берілсе сол тілде қабылданады. Сондықтан, мемлекеттік тілде түсетін кіріс құжаттарының санын арттыру мақсатында іс-шаралар жүргізіліп, мемлекеттік емес ұйымдар, прокуратура органдарының өкілдері мен қорғаушылардың қатысуымен дөңгелек үстел, семинар өткізіліп, басылымдарда мақалалар жарияланып отырады.

– 2019 жылдың 9 айында 16 674 кіріс хат тіркеліп, оның 2988-не қазақ тілінде жауап берілді. Ал, 7572 шығыс хаттың 3623-і қазақ тілінде жіберілді. Бұл көрсеткіш 48 пайызды құрайды. Алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің одан әрі дамып, нығаюына жауаптылықпен қарап, мәртебесін асқақтатуға үлес қоса береміз, – деді судья өз сөзінде.

Мира ШАХАТ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.