Айгүл АХМЕТОВА, көп балалы ана: «Балаларымның арманы – баспаналы болу»

Отыз үш жастағы бес баланың анасы осылай дейді. Қазір олар аядай бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатыр.

1986 жылы Сәтбаев қаласында дүниеге келген Айгүлдің өзі де көп балалы отбасында тәрбиеленді. Содан болар, он сегіз жасқа толып тұрмысқа шыққанда Алланың берген балапандарын дүниеге әкелуден бас тартпады.

– «Өмірдің бір қызығы бала деген…», – деп Абай атамыз айтпақшы, көп балалы отбасында береке-бірлік басым болады. «Әр перзенттің өз несібесі бар. Қорадағы қой егіз тапса, даладағы жусанның басы айыр шығады. Дегенмен, баспанамыздың жоқтығы жанымызға батады, – деген кейіпкеріміз қиындықтарда шыңдалған кейіп танытады. Өйтетін де жөні бар. Отағасымен айрылысқаннан кейін бес баласының бір өзіне қарап қалғаны рас.

Бүгінде Аруна, Айғаным, Феруза, Амира, Бегім атты желкілдеп өсіп келе жатқан қыздары көз қуанышына айналған жас ана тиісті жәрдемақыға қол жеткізіпті. Тұрғын үй кезегінде тұрғанымен жуырда берілетін түрі жоқ. Оның үстіне биыл кенжесі де мектеп табалдырығын аттапты. Бес бірдей баланы киіндіріп, оқу құралымен қамтамасыз ету оңай емес. Жас ананың тағы бір қатты қиналған жері осы болды. Анасы мен бауырлары қолдағанмен, әркімнің жеке отбасы, жеке проблемасы бар. Шағымданғанды жаны сүймейтін Айгүл үшін балаларының денсаулығы қымбат. Олар білім алып жатқан жалпы білім беретін №16 мектептің озаттары. Білім сайыстарында жүлделі орын алып, анасының мақтанышына айналуда.

– Ұлтқа, ұрпаққа тәрбие беретін әйел болғандықтан олар мықты болуы керек деп ойлаймын. Қыз-келіншектерге айтатыным, ештеңеден қорықпау керек. Қызмет қуу, қандай да бір дәрежеге көтерілу қай кезде де бола береді. Дәл қазіргі шақта қазағымыздың ұрпағын көбейту басты міндет болып отыр. Тұрмыс құрып, тірліктің қиюын келтіре алмай, ажырасқан жастар көптеп кездеседі. Бастысы жұбайлар арасында түсінісу, махаббат, сыйластық деген сезімдер болса, келеңсіз жағдайлар мүлде орын алмаушы ма еді. Айналып келгенде, мұндай қасиеттердің түп-тамыры отбасында алған тәрбиеде жатыр, – деген Айгүл Базартайқызы қыз-келіншектерді көп балалы болуға шақырды. Қиындықтан қашпай, балалары үшін отқа да, суға да түскен жас ананың баспаналы болып, тілегіне жететін күн де алыс емес шығар. Осыған сенеміз.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.