Ерекше жандарға – ерекше көзқарас

Өткен аптада Сәтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Кітаптың үйі – кітапхана» атты библио-кафе өтті.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеуді, олардың өмірге деген көзқарасын өзгерте білуді, бауырмалдық пен кішіпейілдікке баулуды және баланың жеке шығармашылығын қалыптастыруды мақсат еткен шара өте қызықты болды.

Жалпы ерекше қажеттіліктері бар жандарға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну – сауабы мол іс. Ал, оған атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Бұрын мұндай жандар қоғамнан шектеліп, жұмыспен де қамтылмай қалған. Қазір оларға барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Жыл санап қоғамның көзқарасы өзгеріп, оларды бір мүшесі ретінде қарауға бет бұрды. Бүгінде осындай жандар арасынан небір дарын иелері, кәсіпкерлер, әншілер мен саяси тұрғалар шығып жатқаны бәрімізге мәлім. Тек олардың өмірге деген сенімдерін арттыруға жәрдем беруіміз қажет.

Қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен іс-шара да осындай ізілікке негізделді. Онда мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінен келген балаларға арналған қызықты библио-кафе өткізілді. Шара барысында «Дауысқа құлақ асайық» сериясы бойынша «Орман үні», «Көліктер», «Машиналар туралы» атты кітапшалардан әртүрлі дыбыс арқылы қандай аңнын немесе көліктің дауысы екенін анықтауға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, есте сақтау қабілетін дамытуға арналған ойындар ойнатылды. Кештің соңында кітапхананың басшысы Сәуле Қарабекованың ұйымдастыруымен балаларға арналған тәтті шәй берілді.

Айдана САУЛЕБЕКОВА.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.