Қарттарға көмек көрсетіледі

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Кешегінің арты, бүгінгінің қартына айналған алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі. Осы мейрамның аталып өтілу барысымен танысу үшін біз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бардық…

Мұнда зейнет жасына жеткен азаматтарға көмек көрсететін бөлім жұмыс жасайды. Нақтырақ айтсақ, ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс жөніндегі сектор. Аталған бөлімде әлеуметтік қолдауға зәру мұқтаж жандардың тізімі айқындалып, тиісті көмек көрсетіледі. Сектор меңгерушісі Ақсәуле Өтенова бізге атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстырды.

– Ақсәуле Садуақасқызы, алдағы аптада қарттар күні аталып өтеді. Осы мерекеде қазыналы қарияларымызға қаншалықты құрмет көрсетілмек?

– Алдымен қарттарымызды осы мерекемен құттықтаймыз. Бүгінде қаламызда зейнет жасына жеткен қарттар саны 8000-нан асып жығылады. Олардың ішінде 80 жасқа толған және осы жастан асқандар саны 1100-ді құрайды. Осы егделік жасына жеткен қарияларымызға мерекеге орай 5 мың теңге көлеміндегі бір реттік материалдық көмек зейнетақы есепшоттарына аударыла бастады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 миллион 550 теңге көлемінде қаржы қарастырылған. қарттарға берілетін қаржылай көмектің мөлшері жылдан жылға артып келеді. Қомақты қаржы болмаса да едәуір сыйлық деп ойлаймын.

– Бұл тізім қалай алынды? Жалпы, көмекке мұқтаж қарттарымызға бұдан өзге нендей көмек ұсынылады?

– Біздің бөлім зейнетақы беру орталығымен тығыз жұмыс жасайды. Қаламыздағы қарттар санының нақты тізімін солардан аламыз. Содан кейін ғана үлестіреміз. Ал, көмекке зәру жандарға, мәселен тұрмысы төмен жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге, бөлім жанынан үйде көмек көрсету бөлімшесі құрылған. Мұндағы есепте барлығы 215 адам тіркелген. 30-ға тарта әлеуметтік қызметкер осы жалғызілікті қариялардың үйлеріне барып, азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қажетті заттарды алып беруге септеседі. Аптасына екі мәрте үйлерін жинастырып, тазалық жұмыстарын жүргізеді.

– Мерекелік күннің маңызын жоғалтпау үшін белгілі мейрамхана, кафелерде кішігірім шаралар ұйымдастыру жоспарда бар ма?

– Өткен жылдарда қаламыздың шағын ойын-сауық орындары өздерінің ұсыныстарымен хабарласып жататын. Сонда кемінде 10-15 адамға арнап мерекелік түстіктер өткізу секілді бастамалар көтерілген. Өздерінің тараптарынан қолдау көрсету үшін бізден тізім алып, сол тізімге сай шама-шарқынша қарияларды қамтитын.

Биылғы жылы да біз бірқатар орындарға ұсыныс хаттар жіберген едік. Алайда қабылдап, қарттардың көңілін көтеруге құлық танытып жатқандар әзірге жоқ. Біз де өз тарапымыздан қандай да бір талап қоя алмаймыз.

Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, қаржы ұйымдары өз ардагерлерін ұмытпай, елеп-ескерусіз қалдырмауға тырысады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

P.S. «Қарты бар үйдің қазынасы бар». Бұл халық нақылы. Халық айтса қалып айтпайды. Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету де ұлттық таным-тәрбиенің жемісі. Қарияларымызды сыйлап, жоғарыдан төр беруіміз осының айғағы. Ендеше, қазынамыз деп қадір тұтқан абыз ақсақалдарымыз бен ақжаулықты әжелерімізге көптеп көңіл бөлінуі керек. Үлкендердің қасиеті – ақ батасында. Оларға құрмет көрсету, әсіресе төл мерекесінде ұмыт қалдырмау сіз бен біздің борышымыз!

Комментарии закрыты.