«Менің көршім – қарт адам»

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Кешегінің арты, бүгінгінің алды қазыналы ата-әжелердің төл мейрамы. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дейтін қазақы таным ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген хадисімен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Біле білгенге, қария – шаңырақтың ажары. Қарттыққа бет алған олар үшін бар керегі – көңіл.

Заман ауысса да қарттың көңілін сұрау, оның батасын алу ¬– ұрпақ алдындағы абыройлы міндет. Атаулы мерекеге орай қаламыздағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері мейрам қарсаңында «Менің көршім – қарт адам» атты құттықтау акциясын жүргізді. Бір апта бойына жалғасқан шара барысында балалар үйірме жетекшілерімен бірге ардагерлердің шаңырақтарында болып, аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді мерейлі мерекесімен құттықтады. Қариялармен кездескен оқушылар оларға ән-жырларын арнап, өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тарту етіп, жан жадыратты. Үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асуды міндет деп білген жасөспірімдер қазыналы қарттардан бата алып, көңіл сүйсінтті.

Комментарии закрыты.