Мамандық таңдау – келешегіңді таңдау

«Мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ, оның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, бұл өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, мамандық таңдау адам өміріндегі маңызды қадам болып есептеледі. Бала шақ пен болашақ үндесер шақта мектеп бітіруші түлектер өмірлік мақсат-мұраттарын айқындап, мамандықтарын анықтап алуға мүмкіндік бар.

Өткен аптада қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Жас келсе іске» атты жас мамандармен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында арнайы шақырылған қонақтар мектеп оқушыларына маңызды мағлұматтар беріп, мамандықтардың қай қайсысы да мәртебелі екендігін жеткізді.

Келелі кездесуге жас мамандар санатынан қалалық орталықтандырылған кітапхана жанынан ашылған коворкинг орталығының жетекшісі, педагог-психолог Жұлдызай Сыздықбаева мен қалалық әкімдіктің азаматтық-құқықтық бөлімнің заңгері Әлихан Жоламанов шақырылды. Қос маман №7 орта мектептің 9 сынып оқушыларымен кездесіп, мамандық таңдаудағы маңызды алғышарттармен бөлісті.

– «Білім – ер азығы, ер – ел қазығы». Бұл елдің ертеңі адам капиталы екендігін айғақтайтын сөз. Яғни, білімді тал бесіктен жер бесікке дейін іздеу керек деген түсінік. Демек, адам болуың үшін өмір бойы оқуың керек сөз. Қоғамның кірпіші болып қалану, қоршаған ортаңнан орныңды сайлау үшін де бір мамандыққа құрық салып игеру қажет. Сондықтан, келешегіңнің кемел әрі жарқын болуы үшін бүгіннен қай іске қабілетің бар, қай салаға ынта-ықыласың барынша ауады, сол кәсіп түріне бейімделу қажет, – деді Жұлдызай Сыздықбаева.

Бұл ретте жас буынның қай мамандыққа құштарлығы ауады деген сауал туындайды. Кездесуге келген оқушылардың дені өз болашағын қай саламен байланыстыратынын білмейтіні аңғарылды. Жас мамандар болса жауапкершілік мол жүктелетін жасөспірімдік шақта айқындалудың қажеттілігі турасында біршама кеңестер айтты.

– Әрқайсыларыңыз ертең бір дипломды еншілерсіздер. Бірақ, таңдаған мамандығының етегінен ұстап кететіндер аз болады мұндайда. Демек, мектепте оқыған кезеңді бос өткен уақыт деп есептей беруге болады. Жастық шақта оқыған оқудың бекершілігі осындайда сезіледі. Қазір қарекетке көшер кез. Сондықтан, жаныңа жақын мамандықты таңдау ертеңгі күніңе сеніммен нық қадам басуыңа кепілдік береді. Құр қарап қалмай, қай іске ықыласың артады соған қарай бейімделсең, бекершілік деуден аулақ боласың, – деді Әлихан Жоламанов.

Әрине, мұндай кездесуде жас мамандардың кеңесі аздық етуі мүмкін. Бұл ретте білім беру орындарында кәсіптік бейімдеу үйірмелерінің жұмысын жандандыру ойға оралады.

Комментарии закрыты.