Өз ісін еркін меңгерген

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС аймақтық біріккен қойма шаруашылығында шеберлігімен көзге түсіп, мамандығының майын ішкен майталмандар жетерлік. Солардың бірі – №2 база жұмысшысы Қайрат Дастанов.

Еңбек жолын аталмыш учаскеде жүк тиеуші болып бастаған Қ.Дастанов кәсіби білімді жұмыс істей жүріп алды. Бүгінде өз ісін еркін меңгеріп, табысты тасқындатуға үлес қосып жүрген жайы бар. Жастардың біліктілігін ұштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жағдайдың алдын алып, қырағылық танытады.

– Еңбек ұжымына бірден бауыр басып кеттім. Достарым да, жанашыр жандар да жетерлік. Өндірісте жүріп, абыройға бөлендім. Бізде қолайлы еңбек жағдайы жасалған. Қауіпсіздік техникасына баса мән береміз. Жұмыс орнын қауіпсіз жағдайға келтіріп барып, іске кірісеміз. Қолымыз боста спортқа көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Жастар одағы қоғамдық бірлестігі, «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымдары ұйымдастырған шаралардан қалмаймыз, – дейді ол.

Учаске бастығы Әбілхан Үкібаевтың жұмыс барысын ұтымды ұйымдастыруының арқасында еңбек бәсекелерінде алдыңғы саптан көрініп жүргендігін айтқан Қ.Дастанов кеніштерге жүк тасымалының толассыз жүруі үшін тер төге беретіндігін жеткізді. Айтуынша, ұжымдағы барлық жұмысшылардың алатын орны ерекше. Олардың бойында еңбекке деген талпыныс, күш-жігер жетіп артылады. Сондықтан болар, жыл басынан бері серпінді еңбек ырғағын сақтай отырып, ай сайынғы тапсырманы жоспарға сай жүзеге асыруда.

– Бүгінде басшылық әлеуметтік жағдайымызға баса назар аударуда. Отбасымызбен бірге демалыс орындарына барып қайтуымызға толық жағдай жасалған. Көрсетілген басқа да әлеуметтік көмектерге разымыз. Учаскеде өз ісінің шеберлері жетерлік. Жас мамандар сапаны танытатын еңбек жарыстарында жоғарғы көрсеткіштерге жетуге тырысады, – деген Қ.Дастанов өз учаскесінде жүктелген күрделі тапсырмаларды жүзеге асырып, қиындықтарды еңсеру жолында тәжірибесін, білімі мен білігін, кәсібилігін аямай жұмсауда.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.