Қысқа әзірлік – қысылмаудың кепілі

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жылыту маусымына дайындық – жыл сайынғы жүйелі жұмыстардың бірі. Осы ретте «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС алатын орны ерекше стратегиялық маңызды нысан болып табылады. Сәтбаев қаласы мен Жезқазған кентіне жылу мен судың үздіксіз келуін қамтамасыз ететін мекеменің қысқы маусымға әзірлігі туралы кәсіпорын директоры Ержан Тоқымбаев әңгімелеп, жылдың қытымыр кезеңіне дайындық шаралары аясындағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Бізде әлі де біршама уақыт кезеңі бар, сондықтан да, іс-әрекеттерді мейлінше ширатып, кездесетін кедергілерді кері ысырып тастауға тырысудамыз. Күзгі-қысқы жылу беру маусымын дер кезінде әрі сапалы бастау, кемшіліктерге жол бермеу – басты міндетіміз. 766,7 шақырымды құрайтын инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары ыңғайланып қалды. Қазіргі таңда күзгі және қысқы кезеңге тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, әлеуметтік сала және тұрғын үйлерде дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. 43 насос станциясы (оның ішінде жылу – 7, су өткізгіш – 32, кәріз – 4 бірлікті құрайды) қолданыста. Жылу маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қалыс қалған жоқпыз.

2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы 373 млн. теңгеге қаржыландырылды. Бүгінгі таңда жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталу үстінде. Бұл ретте, жоспар 95% болғанын да айта кету қажет. 440 көпқабатты тұрғын үй, 21 кәсіпорын, 61 жеке ғимарат жылумен бірқалыпты қамтылу жүйесіне қосылды.

Қала аумағындағы 14 шақырым жылу, 12,8 шақырым суқұбырлары, 2,45 шақырым кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Қысымға төзімділігін анықтау мақсатында жылу құбырларын шаю жұмысы басталып, анықталған ақаулар ауыздықталды. Жылу жүйелерін жуу, қысымын өлшеу және орнату жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Насос қондырғыларына жөндеу жұмысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Оның қысқы маусымға әзірлігі 100 пайызды құрайды. Қандай да бір атқарылу мерзімінен қалу жағдайлары байқалмайды. Алдағы уақытта қыстан қысылмай шығу үшін тұрғындарға жайлы жағдай туғызуға тырыса бермекпіз.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.