Қариялар қадірленді

Қазақстан халықтарының рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай қарияларға құрмет көрсетілді.

– Жыл сайын біз Халықаралық қарттар күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосып, өскелең ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырмай бізге үлгі-өнеге көрсеткен ата-әжелерімізді ұлықтау, еңбегін ұмытпау – басты парызымыз. Жарқын тарихтың жасампаз беттерін жазуға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, еңбек ардагерлері, зейнеткерлер өз заманында айрықша үлес қосты. Қазір қаламызда сегіз жүзге жуық зейнеткер-қария бар. Олар кезінде тың игеру науқанына да белсене қатысып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сіздердің еңбектегі ерліктеріңіз ұмытылмақ емес, – деген қала әкімдігі жанындағы ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сара Мұханбеталина бірқатарының есімін ерекше мақтанышпен атап өтті. Жалғызбасты қарияларға қолдау танытып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапалы медициналық көмек көрсету мәселесі жолға қойылғандығына тоқталды.

Мұнан соң сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Омаров, ардагер-ұстаз Ақышгүл Махадиева, еңбек ардагері Любовь Калашникова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, баянды бақыт тіледі. Шараның өтуіне «Достық» үйі, Жастар ресурстық орталығымен қатар «Жеңіс» қайырымдылық жобасы – Ұлттық волонтерлық жүйесі де үлес қосқандығын айта кеткеніміз абзал. Ақ дастархан басындағы басқосу мерекелік концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.