Жемқорлықтың жібін үз

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат пен қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған індеттің бірі. Бұл індет біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Қауіпті кеселден арылту – келешектің кемелдік кілті. Сондықтан, түбегейлі күресу – басты талап.

Өткен аптада қаламызға тұрмыстық жемқорлықты жою әрі азаматтарға тиімді жағдайлар жасау мақсатында облысымызда құрылған «Сарыарқа – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсесінің басшысы Мәлика Күсенбаева келіп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Маман алдымен мектеп және балабақша басшыларымен кездесіп, парақорлықты болдырмау жөнінде әңгіме өрбітіп, залалы турасында айта кетті.

– Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Сондықтан, бұл індетпен күресу өте қажетті шара. Тіпті кішігірім қаржы жинаудың өзі тұрмыстық жемқорлық санатына жатады. Мұның өзі жұмыстан айырып, келешекті бұлыңғыр етуі әбден мүмкін, – деді маман.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жыл басынан жұмыс жүргізіп келеді. Көзделген негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру. Қазіргі уақытта жоба Қарағанды облысы бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Бұдан кейін жоба өкілдері жастар ресурстық орталығында болып, қаланың белсенді жастарымен кездесті. Жиынға жоба жетекшісімен бірге, қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, сондай-ақ Жезқазған қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасының басшысы Әнуарбек Оразбеков қатысты. Жастар жемқорлық жайындағы ойларымен бөлісіп, оны жоюға бағытталған шараларға белсене атсалысатындарын жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.