Мемлекеттік бағдарламаға енді

Аптаның басында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Сәтбаев қаласында болды. Өңір басшысының қалаға жұмыс сапары жылу және сорғы станциясын, сондай-ақ «Нұрлы мекен» шағын ауданындағы құрылыс алаңын аралаудан басталды.

Асқар Ыдырысов Сәтбаев қаласында соңғы жылдары тұрғын үйлердің көптеп салынып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір қалада көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуда. Онда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатысатын кезекте тұрғандарға арналған 56 жалға берілетін пәтер болады.

– Келесі жылы қаланың орталық бөлігінде тағы алты көп пәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Көп балалы отбасылар үшін үш бөлмелі 144 пәтер тапсырылады, – деді Асқар Ыдырысов.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі қала активімен кездесті. Кездесуде тұрғындар көптеген сұрақтарды ортаға салды, соның ішінде коммуналдық тақырыптағы мәселелер сөз болды.

– Соңғы жылдары біздің қалада оң өзгерістер орын алып жатыр. Көптеген көшелер тазаланды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қала өсіп келеді, жаңа аудандар пайда болуда. Бірақ, осыған байланысты туындайтын мәселелер де бар. Біздің кәріз жүйесі өте ескі. Бірінші кезекте осы мәселені шешу керек, – деген қала тұрғынының өтінішіне аймақ басшысы тұшымды уәж де айтты.

– Ескірген кәріздік-тазарту құрылыстарына қатысты мәселе біз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін де үлкен өзектіліккке ие. Оны шешу үшін республикада желтоқсан айынан бастап іске қосылатын үлкен бағдарлама әзірленуде, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту бойынша 53 жоба іріктелгенін хабарлады. Оның жетеуі іске асырылатын болады Солардың қатарында Қарағанды облысы, оның ішінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары да бар. Құжаттарды ресімдеу жұмыстары басталды. Болжам бойынша, құрылыс жұмыстары келесі жылдың ортасында басталады.

– Біз қаланың өсіп келе жатқанын көріп отырмыз, бұл өте жақсы. Инфрақұрылымды – жылу мен жарықты сапалы беру, кәрізді қамтамасыз ету қажет. Сондықтан, қала әкімдігінің маңызды міндеті – осы мәселелерді уақытында шешу үшін қажетті құжаттарды дайындау, – деді облыс әкімі.

Жеңіс Қасымбек қаланы одан әрі дамытуға негізделген бірқатар тапсырмалар да берді.

Комментарии закрыты.