Жүректерін ән тербеген

Ән – көңілдің ажары. Құлақтан кіріп бойды алса, әрине. Сондай бір әуезді туындыларды орындап, тыңдарманның жүрегінен орын тапқан қаламыздың«Самоцветы» халықтық хорына биыл 35 жыл толып отыр. Мерей биігіне көтерілген ардақты ардагерлердің айшықты мерекесіне орай «Бақдәулет» мейрамханасында дастархан жайылып, қазыналы қарттар күнінде құрмет көрсетілді.

Халықтық деген атақ алған хордың әрбір мүшесінің ұжымға сіңірген еңбегі орасан. Отыз бес жылдық тарихы бар өнер ұжымы әлі де әуезді әнімен жасасып келеді. 1983 жылы негізі қаланған шығармашыл топ әуелде әнімен жүрек тербеп, жанға жайлы жылылық сыйлау үшін құрылған еді. Бүгін де әнге деген сүйіспеншіліктің арқасында елдің ыстық ықыласына бөленуде.

Шығармашылық ұжым хор болып қалыптасқалы бері сан түрлі байқаулардан қалыспай қатысып келеді. Хор мүшелерінің орта жасы 75-ке толса да, ардагерлердің ынта-ықыласы кемімесе, артып келеді дейді хор ұйымдастырушысы Людмила Малова.

– Біз бір отбасы секілдіміз. Қандай да бір шараға қатысар болсақ, бәріміз қалыспай барамыз. Бір-бірімізді толық танып үлгердік. Бұл хорға талай адамның еңбегі сіңді. Солардың абыройлы ісін жалғап, жасасып келе жатқан жайымыз бар. Әрбір мүше тек өзіндік қайталанбас тағдырына, өмірлік көзқарасына ие, алайда барлығын ортақтастыратын бір-ақ нәрсе, ол – ән. Ән – біздің өміріміз, – дейді Людмила Андреевна.

«Самоцветы» хоры қалалық шараларға белсене қатысып, құрметке бөленуде. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында хор жетекшісі Павел Маловтың бастамасымен жасөпірімдерге патриоттық тәрбие беру мақсатында концерт-лекциялар өткізуде. Өнер ұжымының ән қоржынында қазақстандық, ресейлік халықтық әндерімен қатар, хордың әр жылдардағы мүшелері Элла Благодетелева, Валентина Виноградецтің жазған туындылары бар.

Айтулы датаға орайластырылған мерекелік дастархан басында ұжымға құрмет көрсетіліп, барлық ардагерлерге қала әкімінің құрмет грамотасы және Алғыс хаттар табысталды. Өз кезегінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ұжымның сіңірген орасан зор еңбегіне ризашылығын білдіріп, арнайы дайындалған естелік кітаптарды тапсырды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.