Қазақтың келіндері-ай!

«Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын». Осы сөздердің төркінінде терең мән жатыр. Өйткені, шаңырақтың беріктігі, отбасындағы ынтымақ, бардың бағасын білу, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу – бәрі ардақты аналардың, ибалы келіндердің бойындағы асыл қасиеттермен астасып жатса керек.

Оған Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында өткен «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» байқауында көзіміз жете түсті. Он саусағынан өнер тамған, салт-дәстүрді бойына жиып өскен, инабатты, ибалы үміткерлер барын ортаға салды. Ұлтжандылыққа баулып, бай мұрамызды жаңғыртып, зерделі, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараны қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина ашты.

– Бүгінгі байқаудың өзіндік ерекшелігі мол. Себебі, қазақ халқы қашаннан отбасының беріктігіне, мызғымас бірлігіне ерекше мән берген. Мемлекетті отбасы құрайды десек, осы шаңырақтың алтын діңгегі, ұйытқысы әйелдер қауымы. Ұйымдастырылған шараның мақсаты – қазақтың келіндері қандай болған, қандай болуы керектігін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру. Сондай-ақ, өнегелі, ибалы қалпымен ата-енеге аянбай қызмет жасап, баланың бағбаны болып жүрген тәрбиелі келіндерді көпке үлгі ету. Айтулы шара қазақ келіндерінің мәртебесін көтеріп, абыройын одан әрі биіктете түседі деп ойлаймын. Осы байқау барысында ұлттық ерекшеліктеріміз жаңғыратын болады. Үміткерлерге барынша қолдау көрсетіп, сайыста сәттілік тілеймін, – деді.

Әлеуметтік желіде фотосуреттер арқылы отбасын таныстыру, қазақтың ұлттық тағамын әзірлеу, бейнебаян негізінде креативті түрде өнер көрсету кезеңдері бойынша қатысушылар тапқырлығы мен біліктілігіне, көрсеткен өнеріне қарай әділ бағасын алып, марапат төрінен көрінді. Әйгерім Абайдильдинова «Инабатты келін», Айзада Құрмаш «Өнегелі келін», Мереке Искакова «Парасатты келін», Жансая Оразбекова «Сымбатты келін», Қуаныш Тоқтамысова «Өнерлі келін» номинацияларын иеленді. «Ұлағатты келін» номинациясына лайық деп табылған Әсем Ағайдарова бас жүлдені жеңіп алды. Жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жиылған жұрттың қошеметі мен ыстық ықыласына қарап шараның жоғары деңгейде өткенін байқадық. Үлкендер келіндердің сабырлы қалпына, өнеріне тәнті болып ақ батасын берсе, жастар жағы асыл қасиеттердің бәрін ойға түйгендей болды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.