Шынайы болмысын аша түссек

Жетпіс жыл Кеңестік Одақтың терең зынданына кеткен ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық мерекелеріміз Тәуелсіздіктің бастау алар тұсында елімізге қайта оралды. Соның бірі – Ұлыстың ұлы күні ретінде тойлап келе жатқан жыл басы – Наурыз мейрамы. Ұлттық дүние танымымыздың қайта оралуына көптен-көп еңбек сіңірген ақын Мұхтар Шахановтың тікелей қатысуымен 1988 жылдан бастап тойланып келе жатқан Әз Наурыздың атын иемденген азаматтар да, мейрамханалар мен дүкендер де бой көтеріп жатыр. Біздің қалада да осындай ұлттық құндылықтарымыздан белгі беріп тұратын нысандар мен көше бар. Бүгінгі әңгіме осы Наурыз көшесі туралы болмақ.

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты деректеріне сүйенсек, 1994 жылдың 11 мамырында Мичурин көшесі Наурыз көшесі болып өзгертілді. Қала құрылысы және сәулеттендіру бөлімінің деректеріне сүйенсек, бұл көшенің көлемі – 2440 шаршы метрді құрайды. Көше бойында 95 тұрғын үй, 3 білім ошағы, №1 мектеп-гимназиясы, №14 М.Әуезов атындағы орта мектеп пен №27 қазақ орта мектебі, «Қазкоммерцбанктің» филиалы, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының ғимараты, жылу мен сумен қамтамасыз ету мекемесінің есеп айырысу кассасы мен спорттық сауықтыру кешені орналасқан. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес, халыққа қызмет көрсету нысандары орналасқан.

Аталмыш көшенің тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар. Бастауын қазақауылынан алатын көшеде атына сай ұлттық мереке күні байырғы қазақ дәстүрі жаңғыртылып, киіз үй тігіліп, қазанда бұрқыраған наурызкөжеден көше тұрғындарына үлестіріліп, үлкендері бата беріп жатса қандай жарасымды? Бұл бастаманы біз байырғы салт-дәстүрімізге сүйеніп көтеріп отырмыз. Өйткені, Наурыз мейрамын әр ауыл өз алдына бөлек тойлап, кейін, бір-бірінің ауылына барып жақсы тілектерін айтқан. Ал, біз тек орталық алаңда ғана атап өтеміз.

Сондықтан да көшенің атына лайық боларлықтай осы бір бастаманы қолға алсақ деген ойымыз бар. Кейін, бұл бастаманы өзге де көшелер жалғастырып әкетсе, нұр үстіне нұр. Сөйтіп, Наурыз мейрамының шынайы болмысын ашқан болар едік.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.