Ғасыр дертінен ақтанайық

Жыныстық жолмен жұғатын инфекциядан қорғану өз қолыңда. Бұл аурулар тобына мерез, соз ауруы, трихомониаз, хламидиоз, гениталды ұшық, аногениталды сүйел, АИТВ инфекциясы, В, С гепатиті, цитомегаловирустық инфекция, қышыма жатады.

Күн сайын 1 миллионнан аса адам ЖЖЖИ-ді жұқтырады. Басты шағымдар мен клиникалық білінуі: жыныстық жолдан шығындының бөлінуі, сыртқы жыныстық мүшенің қышуы/ашуы, несеп шыққанда, жыныстық қатынасқа түскенде ауруы, жайсыздық пен іштің төменгі жағының ауыруы, дененің, жыныстық мүшенің сырт жағының және көтенішектің бөртуі, жыныс мүшесінің сырт жағының, көтенішектің күлдіреуі, шаптың лимфа түйіндерінің үлкеюі. Соз ауруларының көбі белгісіз өтеді. Сондықтан, адам өзін сау сезініп, дәрігерге жүгінбей, жыныстық серіктесіне де жұқтырады. Ауру анадан балаға берілуі мүмкін. Кейбір ЖЖЖИ-дің түрі үш есе не одан да көп АИТВ инфекциясын жұқтыру қауіпін жоғарылатады. Ауырған адамның өмірінде ер адамдар мен әйелдердің жыныстық мүшесі мен басқа кіші жамбас мүшелерінің ісіп, қызарып ауыруы, ер адамдар бедеулігі, ер адамдардың қауқарының төмендеуі, жүктілік, босану барысының бұзылуы, өлі туу мен жатырдан тыс жүктілік қаупінің артуы көбейеді. Қорғану шаралары: жауапты, қауіпсіз жыныстық мінез-құлықты ұстану, кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болу, қорғанудың сенімді және тиімді тәсілі ретінде мүшеқапты пайдалану, венеролог дәрігердің нұсқауынсыз антибиотиктер мен басқа микробқа қарсы дәрі-дәрмекті қолданбау, салауатты өмір салтын ұстану. Сәл күдіктенсеңіз дәрігерге жүгінініз.
АИТВ қалай беріледі?
Қан арқылы:
– донор қанын құйғанда немесе донор мүшесін ауыстырғанда;
– инъекцияға арналған залалсыздандырылмаған құралдары қолданғанда;
– залалсыздандырылмаған құралдармен татуировка және пирсинг жасатқанда;
– ортақ ұстара және тіс щеткасын қолданғанда;
– инъекциялық есірткіні бірге қолданғанда, ортақ шприц, ине және есіріткі мөлшерін дайындауға арналған ыдысты қолданғанда.
Жыныстық қатынас кезінде:
– қорғанбай (мүшеқапсыз) жыныстық, оның ішінде ауыз және анустық қатынасқа түскен кезде жұғады.
АИТВ жұқтырған анадан балаға:
– жүктілік және босану кезінде;
– ана емізгенде сүт арқылы жұғады.
АИТВ қалай берілмейді?
– ауа арқылы;
– бассейнде, душта, саунада, дәретханада;
– құшақтасқанда, қол алысқанда, сүйіскенде;
– ыдыс және асүйлік аспаптар арқылы;
– маса, басқа жәндіктер шаққанда және жануарлардан;
– АИТВ жұқтырған адаммен бір үйде тұрғанда жұқпайды.
Ауыру жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын қалай білуге болады?
Емханадан немесе ЖИТС орталығынан тегін тексеруден өту арқылы.

Р.КАПАРОВА,
«Ахметова» ЖШС акушеркасы.

Комментарии закрыты.