Тәжірибе алмасты

«Индустрия 4.0: білім берудегі STEАM-технологиялар» атты Ө.А.Байқоңыров атындағы ІІІ республикалық ғылыми-практикалық конференция Жезқазған қаласында өткен аптада жалауын көтерді.

Тиімді педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату, адами капиталды дамытуға ықпал ететін шығармашылық бастамалар, идея алмасу мақсатындағы шараны ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Қарағанды облысының білім басқармасы ұйымдастырды. Еліміздің барлық облыстарынан келген ұстаздар қауымы Ұлытау аймағының тарихи жерлеріне саяхаттап, Жездідегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайына атбасын тіреді. Одан әрі ғылыми-тәжірибелік конференцияның секциялық отырысы Жезқазған қаласындағы №10 ЖББОМ қабырғасында ұйымдастырылды. Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Алматы, Атырау қалалары мен Шығыс Қазақстан облысынан ат арылтқан педагогтар «Өлкетану – ұлттық жаңғыру», «Ақылды технологиялар – еңбек өнімділігін дамыту мүмкіндігі», «Ұлы дала мәдениеті», «Заманауи математика – жаратылыстану ғылымдарының дамуы» бағыттары бойынша пікір таластырды. Адам әлеуетінің өсуіне бағытталған міндеттерді шешудегі өздерінің дербес ізденісін көрсетті. Пленарлық отырыста түрлі тақырыпта жобалар қорғалып, баяндамалар жасалды.

– Мұндай тәжірибе алмасудың пайдасы өте көп. Себебі, қазіргі таңда мазмұнды жаңа білім жүйесі енгізілуде. Бұрынғы білім берудегі әдіс-тәсілдеріміз қазіргі білім жүйесіне келмейді. Мақсаты басқа.

Конференция аясында ұйымдастырылған 5 секцияның нәтижесінде көптеген жаңашылдықтарды байқадық. Аталған жаңашылдықтың барлығы жинақ ретінде кітапқа енетін болады, – деп атап айтты Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығы директорының кеңесшісі, техника ғылымдарының кондидаты, профессор Сәбит Қонтаев.

«Индустрия 4.0: білім берудегі STEАM-технологиялар» жобасын оқу процесінде қолдану барысында балалар заманауи техниканың тілін меңгеріп, болашақ мамандығын таңдауға машықтанады.

Шығармашылығын дамытып, кез келген заттың шығу тарихын егжей-текжейлі үйренуге бағыт-бағдар алу арқылы ой-өрісі дамиды.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен конференцияның соңында Жезқазған, Сәтбаев қалаларының және Ұлытау ауданының білім бөлімінің және қосымша білім беру мекемелерінің басшылары Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының Алғыс хатымен, бірнеше тақырыпта жоба қорғаған мұғалімдер арнайы дипломмен марапатталды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.