Алтын адам табылды

Ақтөбе облысында таза Алтын адам табылды. Ғалымдар бұған дейінгі табылғандарынан ең құндысы осы жәдігер болғанын айтуда. Өйткені бас киімінен бастап сауыт-саймандарымен қоса, қасына жерленген атының да әбзелдері таза алтыннан құйылған, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ақтөбелік Алтын адам Темір ауданына қарасты Тасқопа ауылы маңынан табылған. Құнды жәдігер біздің заманымызға дейінгі 5-4-ші ғасырларға – Сармат дәуіріне жатады. Бұл жерге сол кездің патша, көсемі жерленген. Сауыт-сайманы, басынан аяғына дейін бар киімі алтыннан құйылған. Қасына жерленген атының әбзелдері де таза былғарыдан жасалып, алтынмен безендірілген.

– Есіктен табылған Алтын адамның кейбір заттары таза алтын емес. Фольга. Тасқопада табылғанның қызықтысы – бас киім. Бас киім темір пластинадан жасалған. Үстіне алтын жалатылған, – дейді Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың жетекші ғылыми қызметкері Дархан Байтілеу.

Ғалымдар бұл қорымның сол заманнан бастап талай рет тоналғанын айтады. Соның өзінде осы күнге дейін сақталған алтын бұйымдарға таңданыстарын білдіріп отыр. Қазір алтын адам мұражай қоймасында сақтаулы. Енді оны жан-жақты зерттемек.

Комментарии закрыты.