Бірлескен жұмыс жемісін бермек

Өткен аптада Сәтбаев қалалық Әділет басқармасында «Туғандар мен қайтыс болғандарды толық және мезгілінде тіркелуін қамтамасыз ету» туралы тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған әділет басқармасының бастығы С.Жандильдинова, қалалық мешіттің бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, қаланың медициналық мекемелерінің дәрігерлері, ішкі істер бөлімінің және ритуалдық бөлімнің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – қала көлемінде туу мен қайтыс болуды тіркеу жұмыстары бойынша медициналық мекемелермен тығыз жұмыс жасау, жаңа нормативтік актілерімен және заңнамалардағы өзгертулермен таныстыру болды.

АХАЖ жұмысының негізгі бағыттарының бірі – туу мен қайтыс болғандарды толық және мезгілінде тіркеу болып табылады. Осы мәліметтердің негізінде қала халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы белгіленеді. Азаматтық хал актілерін уақытында тіркелмегені статистикалық мәліметтердің толық болмауына және қаланың экономикалық сұрақтарын шешуге кедергі етеді.

Жиын барысында 2011 жылдың статистикалық көрсеткіштері жайында әділет басқармасының кеңесші-тіркеушісі Б.Ахмедия баяндама жасады.

– Сәтбаев қалалық әділет басқармасында өткен жыл бойынша туғандар мен қайтыс болғандарды толық қамтамасыз ету мен мезгілінде тіркеу мәселесі бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Тууды толық және уақытылы тіркеу барысында перзентханада, аудандық және қалалық АХАЖ қызметтерінің берген тізімі бойынша салыстыру жұмыстары жүргізіліп, тіркелмегендерді пәтер аралау арқылы тіркеу жұмыстары жүргізілді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қалалық әділет басқармасында 1438 туу және 711 қайтыс болғандар туралы актілік жазба тіркелді.

Жұмысымызды одан әрі жанданыру үшін біз, яғни әділет басқармасының, отбасылық дәрігерлік амбулатория, медициналық сот сараптама орталығының, перзентхана мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, бірлесе отырып ай сайын туғандар мен қайтыс болғандардың тізімдерін салыстыру арқылы қызмет атқаруымыз қажет, – деді Беренкүл Ахмедия.

Кездесуде қатысушылар өз пікірлерімен алмасып, туу мен қайтыс болуды уақытында тіркеу жұмыстарын жақсарту бойынша бір-біріне сұрақтар қойды. Сондай-ақ, туғандар мен қайтыс болғандарды тіркеуде дәрігерлер тарапынан анықтамалардың дұрыс толтырылмайтыны, ай сайын тізімдердің мерзімінде берілмейтіні жөнінде дәрігерлік мекемелерге қатысты біраз кемшіліктер ортаға салынып, қызу талқыланды.

Дөңгелек үстелдің соңында барлық қатысушылар тығыз байланыста жұмыс жасауға, заңнамаларды тәжірибеде бірдей қолдануға, туғандар мен қайтыс болғандардың тізімдерін уақытылы ұсынуға және үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруға шешім қабылдады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.