Балалар әдебиетінің атасы

Қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай орталық кітапханада «Халқы сүйген қаламгер» атты әдеби кеш болып өтті.

Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығын таныстыра отырып, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын, ойлау қабілетін дамыту, көркем жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы шараға №1 мектеп-гимназиясының 6 «В» сынып оқушылары қатысты.

Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қостөбе ауылында дүниеге келді. Орта мектепті де сол ауылда бітірді. Кішкентайынан қайсар да ыждаһатты бала кедей отбасында тәрбиеленді. Бердібек анасынан 8 жасында айырылды және бұл қайғы оның өмірінің соңына дейін үлкен соққы болды. Бердібекті білім атты теңізге ағасы Сатылған әкелді. Ол оның білімге деген сүйіспеншілігін тудырды. Алайда, ағасы соғыс кезінде қайтыс болып, дүниеден ерте озды. Анасынан ерте айырылған Бердібек бала кезінде көп қиындық көрді. Аштық пен ауыр еңбектің, қиындықтың тауқыметіне ұшырады. Дегенмен, ол өте білікті және қабілетті бала болып өсті.

Шарада осындай өмір өткелінен өткен қайсар қаламгер жайлы «Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев» атты бейнебаян көрсетіліп, өмір жолына шолу жасалды. Оқушылар сүйікті жазушыларының шығармалары жайлы ақпарат алды. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі «Менің атым Қожа» атты повестің арқасында танымал болды.

Осы шығарма желісі бойынша шыққан фильмнен үзіндіні кітапханашы Ақерке Омарова экраннан көрсетіп, ары қарай оқушылар мазмұндап шықты. Алған әсерлерімен бөлісті. Қожаның теріс қылықтары жайлы өз ойларын ортаға салды. Осындай бала қазіргі күнде мектеп қабырғасында бар ма деген сауалға жауап іздеді.
Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы қазақ балалар әдебиетінің классигі атанды. Жазушының шығармаларын ересектер де қызыға оқиды. Шара соңында «Балалар әдебиетінің атасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Айжан САРИНА,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.